
Бүгіндері облыста қылмыстық істерді электронды түрде жүргізу мақсатында анықтаушылар мен тергеушілердің 73 жұмыс орны жабдықталған. Жыл басынан бері 428 іс тіркеліп, 409 іс “Е-қылмыстық іс” өндірісімен аяқталған. Қағаз тасымалдағыштардан бас тарту нәтижесінде тергеу уақыты қысқарған. Ең бастысы, қадағалаушы органдар тергеудің әрбір сатысын көре алатын болды.
– Жүйе толығымен жұмыс істеген кезде тергеудің барысымен барлық мүдделі тұлғалар, яғни қорғаушылар, жәбірленушілер, күдіктілер таныса алады, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин. – Барынша ашық болу адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырады. Осы мақсатта патрульдік полиция планшеттермен жабдықталды, бұл әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімінде қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Планшет арқылы толтырылған хаттама мәселені заңсыз жолмен шешуге жол бермейді.
Биылғы бірінші тоқсанда облыс полицейлері әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі арқылы 14777 хаттама толтырды. Тәртіп сақшыларында 89 планшет бар, жақын арада тағы 127-сі сатып алынбақ. Сонымен қатар патрульдерді қажетті техникамен толық жасақтау жоспарланған.
Өткен жылдың үш айында “Электронды үкімет” порталы арқылы тұрғылықты мекенжайы бойынша 78 адам тіркелсе, биыл осындай қызметті 984 адам пайдаланды. Жалпы алғанда жыл басынан бері облысымыздағы полиция бөліністері 66 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті.
Ерлан МАХМЕТОВ, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.