Облыстық әкімдіктің кеше өткізілген кезекті отырысында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы және Жамбыл ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде атқарылып жатқан істер туралы мәселелер қаралды.
Отырыста облыстық әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбек айтқанындай, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық әділет департаменті тарапынан 39057 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, көрсетілген қызмет сапасына қатысты аталмыш департаментке тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түспеген. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов әділет департаментінің жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта да тиісті іс-шаралар жүргізілуі қажет екенін атап өтті. Одан әрі сөз алған Халыққа қызмет көрсету орталығы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Серік Бейсенов мемлекеттік қызмет көрсетудегі атқарылған жұмысқа тоқталды. Үстіміздегі жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет алу үшін 492659 адам орталықтардың көмегіне жүгінген. Соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша 101977 клиентке онлайн режімде қызмет көрсетілген.
Отырыс барысында Жамбыл ауданының әкімі Иван Турков виртуалды қашықтықтан хабарлама жасады.
Жиын соңында облыс әкімі алдағы уақытта жұмысты ширата түсу қажеттігін атап айтты.
Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.