Уақыт алға жылжыған сайын жұмысшы мамандықтарына сұраныс та, талап та артып келеді. Тіпті мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселенің біріне айналды десе де болады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, елімізде еңбекке қабілетті адам саны шамамен 9,6 млн. болса, 2,3 млн.-ға жуығы – жұмысшылар. Бұрындары кәсіптік-техникалық училище деп аталып келген оқу орындарында көбіне ауыл шаруашылығы саласының мамандары даярланып, ал еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие өндірістік жабдық, тау-кен, энергетика, коммуналдық қызмет бойынша білікті кадрлар шоғырын қалыптастыруға жете мән берілмеді.
Қазіргі күні өнеркәсіп орындарында информатика, робототехника, техникалық физика кадрларының тапшылығы айқын байқалады. Оның себептері көп. Біріншіден, мамандыққа баулу мектептерде формальды түрде жүргізіліп келді. Екіншіден, қажетті құрал-жабдықтар жетіспегендіктен, яғни тәжірибеден өту мүмкіндігі болмағандықтан, тек теориялық деңгейде шектеліп қалды. Үшіншіден, қоғамда еңбек адамының қадір-қасиетін бағалаудың санқырлы үрдістері қолданылмады. Төртіншіден, тиісті ведомостволар тарапынан кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту мәселелері назардан тыс қалды. Президенттің бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, еңбек адамының беделін көтеруге, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіруге, сапасын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға ерекше серпін берілді.
Осы орайда, өңірімізде жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау, кәсіптік білім беру бағдарламасы аясында жаңа мамандықты игеріп, тұрақты жұмысқа орналастыру, теорияны тәжірибелік дағдылармен ұштастыру дәстүрі орныққанын айта кеткен жөн. Бүгінде облыс аумағында 24 колледж бар, 13-і жұмысшы мамандықтарының қатарын толықтырумен айналысады. Оқыту өңір экономикасының ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, энергетика, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты 11 негізгі саланы, оның ішінде 67 мамандық пен 105 біліктілікті қамтиды.
Оқу үдерісінде материалдық- техникалық базаны жаңартып, жаңғыртып отыру маңызды екені даусыз. Өйткені озық үлгілер жаңа мамандықты игеруді жеңілдетумен қатар тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуге де игі ықпалын тигізері сөзсіз. Кей оқу орындарында оқыту шебері тапшы. Төмен жалақыға келе қоймайды. Заманауи үлгіде тұрғызылған жатақхананың жетімсіздігі де – күрмеулі мәселе. Колледждерді қаржыландыруға былтыр 10 482,9 млн. теңге, биыл 13 248,3 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша Ұлттық кәсіби классификаторда 1274 мамандықтар тобы және 12185 мамандық пен қызмет түрлері тіркелген, ең көп жұмысшы мамандықтарының саны шамамен 6677 атауды құрайды. Десек те әлі де 400 мыңнан астам жұмысшы жетіспейді, бұл үрдіс алда да жалғасуы мүмкін, оның ішінде 18 мың дәнекерлеуші, 13,2 мың сантехник, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіруші 12,4 мың жұмысшы, 9,2 мың құрылысшы-монтажшы тапшы.
– «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады. Мұның бәрі экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға, мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Колледждерде оқитын студенттердің саны артып келеді (2022 жылы – 10903, 2023 жылы – 11134), оның ішінде 9417 студент немесе 85 пайызы мемлекеттік тапсырыс арқылы қабылданған. Биыл 3204 маман диплом алып шықты. Жұмысқа орналасу көрсеткіші 71 пайыз (республикада 66 пайыз). Құрылыс жұмыстарының шебері (88 пайыз), техник-электрик (86 пайыз), ауыл шаруашылығы жабдықтарының слесарь-жөндеуші (86 пайыз), аспаздар (81 пайыз), омарташы (80 пайыз) мамандықтарына сұраныс жоғары.
Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар екенін жете түсінетін мезгіл жетті. Бұл санаттағылар жоғары технологиялық жабдықтарды, автоматтандырылған жүйелерді жетік игергендіктен, интеллектуалдық әлеуетті, цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отырудың мәні айрықша. Бұл орайда, техникалық және кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңызы зор. Бұл үрдіс Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік, М.Жұмабаев атындағы жоғары педагогикалық, Ж.Қизатов атындағы Покровка ауыл шаруашылығы колледждерінде дұрыс жолға қойылған. Колледж педагогтарының жалпы саны – 1192 болса, инженерлік-педагогикалық қызметкерлердің 93 пайызы – жоғары білімді, үштен бірі – жоғары және бірінші санатты, бестен бірі – педагог-шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор. Дуальды оқыту нысаны 342 кәсіпорынмен бірлесіп, 21 колледжде 30 мамандық бойынша жүргізіледі. Колледждер мен серіктес кәсіпорындар 1112 келісімшарт жасасқан. Осы аралықта өндірістік тәжірибеден 2347 студент өткен, оның ішінде ақылы жұмыс орындарына 996 студент тартылған. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты», «Мұнаймаш», «СевКазЭнерго» АҚ, «Көп бейінді жабдық зауыты», «Ремплазма», «Азия-Тораңғұл» ЖШС, «Зенченко және К» КС, Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі, облыс құрылысшылары мен рестораторлар қауымдастығы жұмысшы мамандарын даярлау міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бұдан бөлек, 10 ауылдық колледжде ауыл шаруашылығы саласы үшін дуальды оқыту нысаны бойынша кадрлар даярлау жүзеге асырылады. Өндірістік практикадан өту кезінде әлеуметтік әріптестер студенттерді жұмыс орындарына жеткізуді, арнайы киіммен, ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында облыстың 17 колледжі ірі кәсіпорындармен меморандумдарға қол қойды. Бұл еңбек нарығын сұранысқа ие кадрлармен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. 4 колледжде 459,5 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді, 3 колледж қалпына келтірілді, 14 колледжге құрал-жабдық сатып алынды. 341,1 млн. теңгеге компьютерлік техникалар жаңартылды. И. Дәуітов атындағы сервистік қызмет көрсету колледжі үшін 244 орындық жатақхана салынды.
Жұмысшы кадрларды даярлаудың жаңа тәсілі 2024-2025 оқу жылында одан әлі жалғасын табады. Колледждер жұмыс берушілердің қатысуымен халықаралық стандарттар бойынша әзірленген білім беру бағдарламалары «Talap» КЕАҚ тізіміне енгізілді. Оның негізінде оқыту мерзімдері, өндірістік практиканы ұйымдастыру кестелері келісіледі. Бұл теория мен практика арасындағы теңгерімсіздікті, алшақтықты азайтады. Мемлекеттік тапсырыс 39 пайыздан 45 пайызға дейін ұлғайтылады. Ондағы мақсат – қоғамдағы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру, танымал ету, техникалық және кәсіптік білім беруді қайта құру, еңбек нарығын жұмысшы кадрлармен толық қамту.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».