Соңғы уақыттағы әлемдік экономикалық ахуал, геосаяси дағдарыстар, шикізат ресурстарына әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі жаңа сынақтар мен жаңа экономикалық талаптармен беттестіріп отыр. Биылғы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік экономикалық ахуалдан туған азаматтарымыздың көкейлеріндегі сұрақтарға нақты жауап болды. Президент алдағы жылдарды жан-жақты сараптай отырып, негізгі бағыттарды айқындап, Жаңа Экономикалық Саясатты жариялады.
Президенттің сайлауалды бағдарламасында жарияланған Қазақстанның даму жолына арналған бес институттық реформасы тек халықтың ғана емес, әлемдегі саясаттанушылардың назарын аударды. Президенттің Ұлт жоспарының бес тарауын құраған “100 нақты қадам” бағдарламасы еліміздің экономикалық жаңаша бағытта дамуына апаратыны анық.
Біртектілік пен бірлік жөнінде де нақты қадамдар жасалып, Қазақстан халқы Ассамблеясының “Үлкен ел – үлкен отбасы”, “Менің елім”, “Нұрлы болашақ” сынды кең көлемді ұлттық жобаларын әзірлеп, жүзеге асыру міндеттелген. Әсіресе, “Мәңгілік Ел” идеясы мен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеяларын одан әрі ілгерілету азаматтық біртектілікті күшейтіп, болашағы біртұтас ұлттың бойындағы жасампаздық әлеуетті түбегейлі ашуға мүмкіндік бермек.
Өзіміздің басты мақсатымыз жұмысшы мамандарды даярлау болғандықтан, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы басты назарда.
Болашақтың тірегі – жастардың толыққанды білім алуына қазіргі күні барлық жағдай жасалып отыр. Оның айғағы – өткен жылдары Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға республикалық бюджеттен 25 млн. теңге қаражат бөлінді. Сөйтіп, игіліктеріміз “Енисей” комбайнымен, “Беларусь” тракторымен, мультимедиалық кабинетпен, автожаттығу және дәнекерлеу ісінің оқыту құрылғыларымен толықты. 2014-2015 оқу жылында білім ошағының материалдық-техникалық базасын нығайтуға тағы да 50 млн. теңге қарастырылып, оған жеңіл, жүк, ассенизатор автомобильдері, “Соболь” шағынавтобусы, асхана құрал-жабдықтары, дәнекерлеу агрегаттары, физика, химия, алғашқы әскери дайындық кабинеттері, оқу кабинеттеріне жиһаздар, арнайы пәндер, жолда жүру ережесі кабинеттеріне құрал-жабдықтар, сондай-ақ, автокөліктердің пластикалық макеттері, ауыл шаруашылығы машиналарының оқу-жаттығу көрнекі құралдары сатып алынды.
“Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де “Мәңгілік Ел” деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!” – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, “Мәңгілік Ел” ұрпақтарын өз елінің патриоты, кәсіби маман етіп шығару мақсатында аянбай еңбек етуіміз қажет.
Еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясының табиғи қалпындағы құрамдас бөлігі және Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосу жөніндегі бұл бағдарлама, “100 нақты қадамның” алғысөзінде атап көрсетілгеніндей, “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын берік қор жасап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтын болады.
Сайран ТАШКИН,
Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжінің директоры.
Уәлиханов ауданы.