
Облыс орталығында көптеген нысандар қалыпты жұмыс режиміне көшті. Дегенмен, арқаны кеңге cалуға болмайды, санитарлық-дезинфекциялық режим сақталуы тиіс. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин мәлімдеді.
Асқар Ережепұлы атап өткендей, 12 мамырдан бастап қоғамдық көліктер жолаушыларды таңғы 06.30-дан 21.30-ға дейін тасымалдауға кірісті. Алайда, автобусқа мінген адамдар аяғынан тік тұрмай, маски киіп орындықта отырулары керек. Егер бұл талаптар бұзылса, айыппұл тасымалдаушыларға салынбақ. Ал саяжайға қатынайтын қоғамдық көліктерде бұрынғыдай жолақысы талап етіледі.
– Қалада алдын ала жазылу бойынша сұлулық салондары мен базарлар таңғы сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Супермаркеттер бұрынғы жұмыс режиміне көшті. Штаттық режимде жұмыс істейтін үй маңындағы дүкендерге бір мезгілде тек екі адам кіруі керек. Саябақтарда үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды. Мұндай жерлерде көңіл көтеру шараларын өткізуге де тыйым салынған, – деді Асқар Хабибулин.
Сондай-ақ, кітапхана, мұражай, архив, кейбір спорттық нысандардың жұмысы жанданды. Балабақшаларда кезекші топтар ашылды. Ал мектептер, колледждер мен университет оқу жылының соңына дейін жұмысын қашықтан жалғастыра береді. Қоғамдық тамақтану орындары да тапсырыс жеткізу негізінде ғана жұмыс жасайды. Ал ойын-сауық орталықтарының, мейрамханалар мен дәмханалардың және моншалардың ашылуына әзірге рұқсат жоқ. Сондай-ақ, қаладан облыс аудандарына жол ашық. Дегенмен, шаһар сыртындағы санитарлық-карантиндік бақылау бекеттері жұмысын тоқтатпайды. Бұл жерлерде жолаушылардың дене температурасы тексеріліп, полицейлер тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жалғастырады.