«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ ЖЕҢІЛДЕДІ


Соңғы жылдары елімізде жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп, бұл мәселенің түйінін тарқатудың түрлі тетіктері ойластырылуда. Соның ішінде “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы жоға­ры оқу орны мен колледжді тамамдаған түлек­тер үшін зор мүмкіндік тудыруда. Оның аясында қыз-жігіттер өз мамандықтары бойынша жұ­мысқа орналасып, тәжірибе жинай алады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 42 түлек осы бағдарлама аясында тәжірибеден өтуде. Соның екеуі қызметке қабылданғанын айтып өткен жөн. 

Биыл аталған ауданда бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен 15 миллион теңге қаржы бөлінді. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Юлия Біржанова мамандардың екі қолға бір күрек таппай жүрген адамдарға көмектесуге әрқашан дайын екенін жеткізді. Былтыр жергілікті жерде бағдарлама аясында 44 түлек еңбекпен қамтылған. Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша жолдама алған түлектер психолог, мұғалім, бухгалтер, заңгер, тағы басқа мамандықтар бойынша тәжірибеден өтуде.

Өткен жылы Б.Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжін аяқтаған Бауыржан Болатов бірнеше ай бойы жұмысқа орналаса алмаған. Аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгінген ол “Жастар тәжірибесі” бойынша Новоишимка ауылындағы теміржол стансасына жіберілді.
– Тәжірибеден өтіп жүргенде айына, шамамен, 45-50 мың теңге көлемінде еңбекақы алдым. Өзімді жақсы қырымнан көрсетуге тырыстым. Тәжірибе уақыты аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасу жеңіл болды. Қазір Қайранкөл стансасында еңбек етемін, – дейді жас маман.
“Жастар тәжірибесі” бағдарламасының игілігін көргендердің қатарында үстіміздегі жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған Томирис Шалова да бар. Диплом алғаннан кейін ол туған жеріне оралуға шешім қабылдайды. Жергілікті жұмыспен қамту орталығына жүгініп, алдымен аудандық білім беру мекемесінде тәжірибеден өткен. Бүгінгі күні жас маман №2 Новоишим орта мектебінде мамандығы бойынша еңбек етуде.

 

Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp