Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басты бағыты – сандық жүйені енгізу, алғашқы-медициналық санитарлық көмек пен емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, тегін дәрі-дәрмек пен білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда медицина саласы сандық жүйеге көшірілуде. Аудандар мен қаладағы емдеу мекемелерінде электронды кезек енгізіліп, дәрігерлдердің жұмыс жүктемесі азайған. Бұл туралы облыстық ауруханада өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өңірлік штаб отырысы барысында айтылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекованың қатысуымен өткен алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жаңа жүйе үлкен міндет жүктейтінін айтты.
– Жыл басынан елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылды. Қазір әр өңірде жұмыс тобы құрылды. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінген. Медициналық қызметкерлердің еңбекақысы, науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері шешімін табуда. Сондықтан біздің алдымызда тұрған ең басты мақсат – денсаулық сақтау саласындағы көкейкесті мәселелерді оңтайлы шешу, – деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев.
Жиында өңірдегі емдеу мекемелерінің сақтандыру жүйесіне дайындығы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев баяндама жасады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетумен айналысатын он жеті ұйым ақпараттық жүйеге қосылған. Сондай-ақ, электронды паспорт енгізіліп, мобильді қосымша жұмыс істейді. Үш медициналық мекемеде электрокардиограмма түсірілімін қашықтықтан қарау бойынша қанатқақты жоба іске асырылып, денсаулық сақтау ұйымдары компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілуде.
– Өткен жылы өңірге жұмыс істеуге келген жалпы тәжірибе дәрігерлерінің саны артты. Дәрігердің жүктемесін азайту үшін қосымша 23 жалпы тәжірибе учаскесі ашылды. Отбасылық және учаскелік дәрігерге қолжетімділікті арттыру мақсатында облыс орталығында үш отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылды, – дей келе, Тимур Сұлтанғазиев кадр тапшылығы жиырма төрт пайызға қысқарғанын, ауылда жұмыс істеуге ынта білдірген дәрігерлерге көтермеақы төленіп, жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Басқарма басшысы өткен жылы алғаш рет облыстық бюджет есебінен анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, педиатр, травматолог дәрігерлердің резидентурада білім алуы үшін қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол жыл сайын жергілікті бюджет есебінен медициналық ұйымдардағы ескі жабдықтарды ауыстырып, қажетті құралдарды сатып алу үшін тиісті қаржы бөлінетінін атап өтті. 2019 жылы өңірдегі бірқатар медициналық мекеме компьютерлік томограф, сандық маммограф, төрт ультрадыбыстық диагностика аппаратына қол жеткізді. Облыстық аурухана мен онкология диспансеріне ангиограф пен МРТ аппаратын сатып алу жоспарлануда.
Науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Өткен жылы 83 мың адамға тегін дәрі-дәрмек берілген. Ал қазір емдеу мекемелеріне қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілуде.
Жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 34 пайызға ұлғаятыны айтылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева үстіміздегі жылдың сәуір айына дейін сақтандыру бағытындағы жұмыстар толықтай аяқталатынын жеткізді. Ал жеңілдік санаты бар 280 мың өңір тұрғыны мемлекет қамқорлығында болмақ. Отырыста соңғы үш айда жұмыс берушілер тарапынан 32869 адамның жарнасы аударылмағаны айтылды. Қазір медициналық сақтандыру жүйесіне 870 кәсіпорынның берешегі бар. Жалпы қарыз сомасы 22 миллион теңгені құрайды. Олардың қатарында Петропавл ауыр машина жасау зауыты, “Новоишимская Нива” сынды бірқатар кәсіпорындар аталды. Төлем аударылмағандықтан, ертеңгі күні сақтандыруда қиындықтар орын алуы мүмкін екенін айтқан Лариса Гордеева медициналық қызметкерлер мен тұрғындар арасында кейде түсінбестік туындайтынын алға тартты. Сақтандыру қорына біздің өңір бойынша 5,8 миллиард теңге жиналған. Облыста тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 40 медициналық ұйыммен келісім жасаған. Соның жиырма бесі – мемлекеттік, қалғаны жеке меншік емдеу мекемелері.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.