Облыста коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақты. Өңір бойынша 30 науқас ауру жұқтырса, қазір инфекциялық стационарда бір адам емделуде. Өзгелері ауруханадан шықты. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша 4 сәуірден бастап өңірімізде шектеу шаралары жеңілдетіліп, бірқатар кәсіпкерлік нысандар іске қосылғаны белгілі. Алайда, жұмысы жанданған ұйымдар сақтық шараларын орындауға міндетті. Бұл туралы брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Арман Күшбасов мәлімдеді.
Санитар маманның айтуынша, әр ұйымда дезинфекциялық құралдар, антисептиктер болуы шарт. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауға жауапты маман тағайындалып, қызметкерлерге сақтық шаралары түсіндірілуі тиіс. Әр қызметкердің дене қызуын өлшеу маңызды. Жұмыс орнында санитайзерлер орнатылуы қажет. Әр қызметкерге бетперде мен қолғап кию ұсынылады.
Брифингте Петропавл халықаралық әуежайы жұмысының жанданғаны да айтылды. Жолаушыларды тасымалдау күшейтілген санитарлық талаптарды орындау негізінде жүзеге асырылады. Ұшақта жолаушылар бір-бірінен алшақ отыруы тиіс. Жеке қорғаныш құралдары мен “COVID-19” вирусына тапсырған сараптама туралы анықтамасы бар жолаушыларға ғана ұшаққа отыруға рұқсат етіледі. Бұл орайда “Олимп” зертханасында ақылы түрде тест жүргізілетінін айтып өткен жөн.
Брифинг барысында жаппай скрининг 17 сәуірде басталғаны айтылды. Тұрғындардың 17 санаты бойынша 8113 адам тексерілген. Яғни, провизорлық, карантиндік стационарда болған адамдар, пневмония, жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырған науқастар, “Жедел жәрдем” мамандары, ауру жұқтыру қаупі бар медициналық қызметкерлер мен өзге де жеңілдік санаты бар адамдардың тегін тексеруден өтуге мүмкіндігі бар.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.