«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫС ОНЛАЙН ФОРМАТТА ЖАЛҒАСУДА

Төтенше жағдайға байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің қызметкерлері онлайн форматта жұмыс істеуге көшті. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін жеке қабылдаулар «Skype» қосымшасы арқылы жүргізілуде. Бұл жайлы ведомство бастығы Ернар Баянғазин үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында баяндады.

Тұрғындарға құқықтық көмек көрсету мақсатында биылғы жылдың басынан бері «Адал көмек» жобасы қолға алынды. Жоба аясында заңгерлер және адвокаттармен қатар жергілікті атқарушы орган қызметкерлері де халыққа мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тәртібі мен талаптары жайлы ақпараттар беруде. Бұл бағыттағы жұмыстар төтенше жағдай кезінде де жалғасуда, тек онлайн форматқа ауыстырылды. Тұрғындарды толғандырған маңызды сұрақтардың жауаптары әлеуметтік желі парақшаларында жарияланған.
— Департамент мамандары облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғауға бағытталған Жол картасын жүзеге асыруға мониторинг жүргізу жұмыстарын жалғастыруда. Аталған шаралар жер қатынастары саласында және білім беру гранттарын бөлу барысына да жүргізілуде. «Бизнесті және инвестицияны қорғау» жобалық кеңсесінің мамандары да жоспар бойынша жұмыс істеуде, деген Ернар Баянғазин облыста 20 жергілікті және шетелдік инвесторлармен 160 млрд. теңгенің келісіміне қол қойылғанын жеткізді. Соның ішінде «LS Petropavlovsk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қайта өңделетін материалдарды жинайтын кешен орнату, «Северная нива» ЖШС-не элеватор, «Қызылжар-су» ЖШС-не сүт кешенін тұрғызу сияқты жеті келісім жаңа ведомство құрылғаннан бері жасалған.
Үстіміздегі жылдың басынан бері экология саласында, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілген. Қаңтар айында аталған басқарманың жауапты тұлғаларының заңсыз ақшалай сыйақы алған әрекеттері әшкере болғаны жайлы хабарды өңір тұрғындарына жеткізген болатынбыз. Қазіргі таңда қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілген. Ернар Баянғазин аталған мемлекеттік органда мұндай жағдай осыған дейін де орын алғанын ерекше атап өтті.
Ведомство бастығының айтуынша, есептік кезеңде атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 19 құқық бұзушылық тіркелген. Соның 84 пайызы — «бармақ басты, көз қыстылық» фактілері. 42 қылмыстық іс өндірісте болса, оның 33-і өндіріспен аяқталған. Аяқталған қылмыстық істердің салдарынан келтірілген 29,8 млн. теңге шығынның 8,9 млн. теңгесінің орны толтырылған.
Сонымен қатар жылдың басынан бері мемлекеттік органдарға «Ашық бюджеттің интерактивті картасына» бюджеттерді жүктеу бойынша семинарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде бүгінгі таңда аталған қосымшадан құрылыс, жөндеу жұмыстарына және әлеуметтік нысандарды күтіп ұстауға бөлінген қаржы жайлы мәліметтерді алуға болады.

Сурет https://www.inform.kz/ сайтынан алынды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp