«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫС ТА, ҮЙ ДЕ БЕРІЛЕДІ

Биыл ішкі көші-қон саясаты бағдарламасы шеңберінде еліміздің оңтүстігінен келіп, қоныстанып жатқан отбасылардың 17-сі Уәлиханов ауданына тұрақтады. Бұл отбасылардың әр мүшесіне Үкімет тарапынан бірреттік жәрдемақы төленді. Солардың ішінде Жандос Кәрібаевтың әулеті де бар. Қазіргі уақытта ол “Жолдасбай Агро” фермерлік шаруашылығында жүргізушісі болып еңбек етіп жүр.

Жандос Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылында дүниеге келген. Сол жерде орта мектепті бітірген. Мамандық даярлау курсында оқып, “В”, “С”, “Е” санаттағы көлік жүргізуші куәлігіне ие болған. Туған жерінде механизатор болып еңбек еткен Жандос біздің жаққа қоныс аударғанға дейін осы кәсібінен нәсіп тауып отырыпты. Оны “Жолдасбай Агро” фермерлік шаруашылығы қуана жұмысқа шақырып, “КамАЗ” көлігіне жүргізуші етіп қабылдады. Осы аз уақыт ішінде ол өзін білікті де жауапкершілігі мол еңбеккер ретінде танытты.

Жаңа қонысқа отағасы келіп, жұмысқа орналасқан соң артынан отбасының басқа мүшелері жеткен. Олар бүгінде Кішкенекөл ауылында тұрады. Жандос пен Сәуле – төрт баланың ата-анасы. Балаларының алды – 11 жаста, кенжелері – 5 айлық.

Зайыбы Сәуле Шымкент қаласындағы гуманитарлық-экономикалық колледжді бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған. Мамандығы бойынша 10 жыл еңбек өтілі бар. Баласы есейген соң ауылдық жерде оған да жұмыс табылары анық.

Кәрібаевтар отбасы “Жолдасбай Агро” фермерлік шаруашылығы сатып әперген үйде тұрады. Жандос өзінің отбасымен теріскейге көшіп келу себебін қара қазан, сары бала қамы үшін деп түсіндіреді. Бүгінде отбасының жағдайын жасау үшін тыным таппай еңбек етуде. Орақ басталғаннан бері, тіпті, тынымсыз. Түзден келіп, үйдің жұмыстарынан да қолы босамайды.

– Жұмысбасты, табысты болу – әр шаңырақ иесі үшін үлкен бақыт. Сондықтан жұмыс беріп, қолдау көрсеткен ағайынды Жолдасбаевтарға ризашылығым шексіз. Олар өз істерін дөңгелете отырып, көптеген отбасына көмек көрсетуде. Осындай елдің, жұрттың қамын ойлайтын азаматтар көбейе берсін дегім келеді, – дейді Жандос Кәрібаев.

Сарман АЯЗБЕКОВ.

журналист.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp