Жақында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің кезекті отырысында облыс әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілетті өкілі Ю. Наумочкиннің есебі тыңдалды.
Осында қаралған төрт мәселенің бірі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік инспекциясы комитеті Айыртау ауданы бойынша аумақтық инспекциясының басшысына қатысты болды.
Ол қатарынан үш күн бойы үш сағаттан артық дәлелді себептерсіз қызмет орнында болмаған. Жүргізілген тексерістің нәтижесінде өрескел тәртіп бұзушылық дәлелденген. Сондықтан Әдеп жөніндегі кеңес қыдырымпаз басшыны қызметінен босату жөнінде ұсыныс жасады.
Айыртау ауданы ветеринария бөлімінің жетекшісі ауданның ветеринариялық стансасы директорының лауазымына тиісті біліктілік талаптарына сай келмейтін тұлғаны конкурс процедураларын өткізусіз қабылдау туралы заңсыз шешім шығарған. Теріс әрекетімен мемлекеттік қызметке кір келтірген бөлім басшысына атқарып отырған қызметіне сай еместігі жөнінде ескерту жасалды.
Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Бейсенованың қалалық Мәдениет үйінің директоры етіп лауазым талаптарына сай келмейтін тұлғаны уақытша орналастырғаны да анықталды.
Сондықтан Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері бір ауыздан А. Бейсеноваға қатаң сөгіс жариялауды ұйғарды.