«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫС ІЗДЕГЕНДЕР ЖӘРМЕҢКЕГЕ КЕЛДІ

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен жұмыссыздардың санын азайту мақсатында өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне өңір басшысы Ерік Сұлтанов арнайы келіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыспен танысты.

Петропавлдағы қалалық Мәдениет үйінде өткен дәстүрлі шараға бұл жолы да екі қолға бір күрек табу үшін келгендер саны аз болмады. Өңірімізде дәрігер, есепші, құрылысшы, мұғалім, ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс артқан. Жәрмеңкеге облыс орталығындағы денсаулық сақтау орындары, қалалық білім беру бөлімі, “Мұнаймаш”, “Петропавл құбыр зауыты”, “Сұлтан ЭМКК”, “ПЗТМ” серіктестіктері, “Цеснабанк” АҚ-ның облыстық филиалы, тағы басқалары қатысты. Петропавл қаласы бойынша 250 бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыс берушілердің талап-тілектері де сан алуан. Көбі бос жұмыс орындарына тәжірибелі мамандарды іздейді.

Облыс әкімі жұмыс беруші тараптың бұл талабын сынға алып: “Қабілетті азаматтар бар, олардың жұмысқа ынта-ықыласын ескеру қажет”, – деді. Сондай-ақ, ол өңірімізде азық-түлік, құрылыс материалдарын өндіретін серіктестіктердегі еңбекақы мөлшерін де сұрады. “Сүт одағы” ЖШС-і бос жұмыс орындарына небәрі 35 мың теңге еңбекақы белгілепті. Өңір басшысы: “Азын-аулақ қаражатқа кімнің жұмыс істегісі келсін?!” – деді. Бұл мәселе жөнінде жуық арада кәсіпорын басшысымен жеке сөйлесетінін айтты.

Жұмыспен қамту орталығының мамандары облыс әкімі Ерік Сұлтановқа “Жұмыспен қамту – 2020”, “Жастар практикасы”, тағы басқа мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөнінде баяндады. Олардың айтуынша, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының жергілікті филиалы және жұмыспен қамту орталықтары арқылы кәсібін ашқысы келетіндерді тегін оқытып, олардың бизнеспен айналысуына көмек беріледі. Сондай-ақ, қалалық әкімдіктің ғимаратында, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығында, “Рахмет” сауда үйінде және Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде “ақпараттық дүңгіршек” терминалы орнатылған. Жұмыс іздеушілердің арнайы мекемелерге бармай-ақ, терминал арқылы бос жұмыс орындары туралы мәлімет алуына болады.

Жалпы жыл басынан бері 8 мәрте бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, 345 жұмыссыздың еңбекке араласуына көмек берілген. Ал жұмысқа мұқтаж 17 азамат қайта даярлық курсынан өтіпті. Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің дерегіне сүйенсек, бүгінгі күні 700-ге жуық тұрғын жұмыссыз ретінде тіркеуге алынған.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp