“Нұр Отан” партиясының жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтып, өрендердің әлеуметтік жағдайының жақсаруына көмектесу бағытындағы “Сәтті қадам” жобасы төрт жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар мен түлектерді кәсіпорындар мен мекемелерде тағылымдамадан өткізу арқылы жұмысқа орналастыру болатын. Алайда, оның нәтижесі көңіл көншітпегендіктен, үстіміздегі жылы жобаның бірқатар ережелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл туралы өңірімізге жұмыс сапарымен келген “Нұр Отан” партиясы жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов мәлімдеді.
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамының облыстық филиалында өткен жиынға қатысқан жастардың қатары қалың болды. Олардың дені жоғары және арнаулы білім беретін оқу орындарының түлектері.
– “Сәтті қадам” жобасы жаңа ережеге сәйкес үш бағыт бойынша жұмыс жасайтын болады. Алғашқы бағыт тек Астана және Алматы қалаларында оқу бітірген жастардың тағылымдамадан өтуін қарастырады. Екінші бағыт жоғары және орта, кәсіптік білім алған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған өрендердің жұмысқа орналасуына көмектесуді көздейді. Үшінші бағыт бойынша барлық жас мамандардың жұмысқа орналасуына бақылау жасалып, мониторинг жүргізіледі, – деді Шахмардан Байманов.
“Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұса Танақұлов партияның “Сәтті қадам” жобасының биылғы жұмыс жоспарына түлектерді белсене қатысуға шақырды.
Кездесу барысында “Основание”, “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және “Даму” қоры облыстық филиалының өкілдерімен әріптестік меморандумдарға қол қойылды.
Осы келісімдер негізінде биыл университеттер мен колледжерді тамамдаған сексенге жуық түлек аталмыш мекемелерге жұмысқа орналасу үшін тағылымдамадан өтетін болады.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.