Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сүйенсек, облысымыздағы жалпы білім беретін орта мектептердің бірінің директорының үстінен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Мектеп директоры “Алғашқы әскери дайындық” пәнінің мұғалімі ретінде азаматша А.-ны қағаз жүзінде жұмысқа қабылдаған. Екі жыл бойы мектепте бой көрсетпеген мұғалімге ай сайын еңбекақы төленіп келген. Бұл қулықтан мемлекетке келтірілген шығын 1 миллион 200 мың теңгені құрады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі бүгінде мектеп директорлары тарапынан пара алу, “белгісіз” біреуді жұмысқа орналастыру жағдайлары жиілеп кеткендігін айтып, дабыл қағуда. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында еліміз бойынша жалпы білім беретін орта мектеп директорларына қатысты 25 қылмыстық іс қозғалып, оның алтауына үкім шығарылған.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.