«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ДЕ ЖӨНІ БАР

“Ұлпанның” кезекті қосымшасында “Бүгінгі әйел үйдікі ме, әлде түздікі ме?” деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Біздің сауалнамаға 18-65 жас аралығындағы оқырмандар қатысады. Сонымен көпшілік не дейді, соған құлақ салайық.

Әлия Жазитова,

аудармашы:

– Қазіргі заманда жұмыс істемей, үйде отыруға болмайтын сияқты. Себебі, барлығы қымбат. Екі адамның табысының өзі аздық етеді. Ал егер отбасында бір адам ғана еңбек етсе, онда күнкөріс мүлдем қиындап кететін шығар. Менің ойымша, әйел адамның шамасы келгенше еңбекке араласып, еріне көмектескені дұрыс. Бала деп үйге жіпсіз байланып қалуға болмайды.

Жібек Айдарханқызы,

көпбалалы ана:

– Әйел адамның бірінші міндеті, әрине, ана болу, ұрпақ жалғастыру. Үйдің берекесін келтіріп, ер-азаматының жағдайын жасау. Еңбекқор жан осының барлығына уақыт табады, және үйдің шаруасымен ғана шектеліп қалмай, қолынан келетін жұмысқа да араласады. Біздің ерлерден айырмашылығымыз да осында. Еңбек адамды шынықтырады, қоғамға деген өз көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан да бала, үй деп отыра берудің керегі жоқ. Жұртпен бірге жұмылып, жұмыс істеу керек.

Жанна Көпболсынова,

үй шаруасындағы әйел:

– Менің тұрмысқа шыққаныма он жылдан асты. Екі балам бар. Отбасылық өмірге аяқ басқалы жұмыс істеген адам емеспін. Оған ешбір өкінбеймін. Барлық жағдайымызды отағасы өзі-ақ жасайды. Мен тек балаларды бағып, үйді жинап, тамақ дайындап дегендей, әйелге қатысты үй шаруасындағы істерді ғана тындырамын. Осының өзі молынан жетіп жығылады.

Гүлзағира Кенжеболатова,

дүкенші:

– Ес білгелі еңбек етіп келемін. Студент кезімде дәмханаларда жұмыс істеп, аздаған ақша жинап, бауырларыма көмектесетінмін. Кейін тұрмысқа шықтым, он жылдай өзіміздікі деген баспанамыз болмай, қиналдық. Жақында ипотекаға үй алып, аңсаған арманымызға қол жеткізгендей болдық. Енді қалайша жұмыс істемейсің? Бала бағып, үй жұмысын дөңгелетіп отырар едім, ақша жетпегендіктен, жұмыс істеуге тура келеді.

Нұрғиза Есілбайқызы,

зейнеткер:

– Қазіргі жастарды түсінуге де болады. Жұмыс та істегілері келеді. Баспана алып, балалы болуды да жоспарлайды. Бірақ өмірде барлығы ойдағыдай болмайды ғой. Кейбір жағдайда әйелдер жұмыс істеуге мәжбүр болады. Басқа амал болмаса, қайтеді?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp