
2007 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылған болса, осыдан үш жыл бұрын еліміздің өңірлерінде мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастады. Екеуінің де міндеті – мемлекеттік қызмет көрсетуде тұрғындардың мүддесі мен сұранысын қанағаттандыру.
Аталмыш орталықтардың тұжырымдамасын әзірлеу кезінде үдерістердің ашықтығы мәселелеріне баса назар аударылған. Мәселен, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының және полиция қызметкерлерінің міндеттері нақты айқындалған. Біреуле рі – құжаттарды қабылдаумен және берумен, басқалары – құжаттарды тексерумен және әзірлеумен айналысады. Өткен жылдың желтоқсан айында облыс орталығында осындай мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған еді. Содан бері тоғыз айдай уақыт өтседағы, “Бір терезе” қағидаты бойынша халыққа жүргізуші куәлігін беру және автокөлік құралын тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін ұйым көптің көңілінен шығып отыр. Себебі, қала тұрғындары бұрынғыдай құжат толтыру үшін бір мекемеден екіншісіне жүгірмей, бір жерде бар жұмысын тындырады.
– Біз екі қызмет түрін көрсетеміз. Ол – көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін беру. Осы күнге дейін азаматтардан 21 мыңнан астам өтініш қабылданды. Күніне 100-150 адамға және 60-тан астам автокөлік бойынша қызмет көрсетіледі, – дейді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Евгений Зубков.
Аталмыш орталықтың құрылуының арқасында жүргізуші куәлігін беру және автокөлік құралын тіркеу үшін қажетті қызмет көрсету орта есеппен 2 сағатқа дейін қысқартылды. Себебі, орталықтың ішінде жүргізуші куәлігін алу кезінде сұралынатын 086 үлгідегі медициналық анықтаманы беретін дәрігерлік комиссия, нарколог және психиатр мамандар, кеден, салық органдарының өкілдері отыр, “Казпочта” АҚ облыстық филиалының кассасы да осында орналасқан. Алғашқы кезде петропавлдықтар мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына үрке қарағаны рас. Десек те, адам жақсыға тез үйренетіндіктен, қазіргі таңда орталыққа келушілер қызмет көрсету уақытын 2 сағаттан да кем қылуға бола ма деген ұсыныс жасайтын көрінеді.
– Орталық жұмысының тағы бір тиімді тұсы – тапсырылатын құжаттар тізбесі бекітілгендігі. Аталмыш тізбе бойынша құжаттарды әкелген адамнан өзге құжаттарды сұрап, әуреге салмаймыз. Осының арқасында азамат тиісті құжаттарды тапсырса, 2 сағаттың ішінде оның өтініші қанағаттандырылады. Сондай-ақ, азаматтардың кезекте отыруы да, рәсімдеуді тосуы да 20 минуттан аспайды, – дейді Евгений Зубков.
Орталық әкімшілік және автодром болып екіге бөлінеді. Әкімшілікте өтінішті қабылдау, беру, өңдеу жұмыстары жүзеге асырылады. Осы орайда ондағы жұмыс оперативтік зал, “Электрондық үкімет” бұрышы, дайын құжаттарды тапсыру залы, жинақтау секторы, консультация аймағы болып бөлінген. Ал автодром 9 техникамен қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап жаңа жүргізуші куәлігі енгізіліп, онда санат тізімі кеңейтілген болатын. Енді 7 санат (A, B, С, D, BE, СE, DE) және 6 кіші санат (А1, B1, С1, D1, С1E, D1E) бар. Осы орайда тағы екі көлік алу жоспарланып отыр. Автодромда бірінші рет жүргізуші куәлігін алатындар, сот шешімі бойынша аталмыш құжатынан айрылғандар және жарамдылық мерзімін өткізіп алғандар емтихан тапсырады.
– Мәселен, жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер консультацияға келіп, құжаттарын тапсырады. Тапсырылған құжаттар айыппұлдары бар-жоғы тексеріледі. Осыдан кейін теориялық залға кіріп, емтихан тапсырады. Теориялық емтиханның нәтижесі оң болса, онда оны автодромға жібереді, – деген Евгений Зубковтың айтуынша, автодромда жаттығу сапалы болу үшін кәрістік тәжірибе бойынша Петропавл қаласының имитациясы жасалған. 12 жаттығудан тұратын емтиханды тапсыру үдерісі толыққанды автоматтандырылған. Ол адами фактордың әсер етуіне жол бермейді. Автодром арнайы датчиктермен жарақтандырылған, автомобиль жүргізу дағдыларын бағалау жүйесімен жабдықталған. Бұл көлік жүргізуге ниет танытқандардың дайындалу сапасын арттырып, жемқорлыққа жол бермейді.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын бастаған кезде автодромға қатысты сын пікірлер болған екен. “Автодромда емтихан тапсыру мүмкін емес. Орындалмайтын талаптар қояды” деген алып-қашпа әңгімелер қала ішінде желдей ескен. “Өңіріміздегі автомектептер нашар оқытады деуден аулақпын. Бірақ, қазіргі таңда облысымызда біздегі автодромдай жаттығу орны еш жерде жоқ. Адам көлікті тізгендеген екен, онда ол білікті жүргізуші болуы қажет. Себебі, ол көлік жүргізе алмаса, өзгенің өміріне қауіп төндіреді ғой”, – деген орталық басшысы рульге отыруға жүрексініп жүргендер үшін қайта даярлаудың ақылы түрі де бар екендігін жеткізді. Мәселен, автодромда бір сағат жеңіл көлік жүргізіп, жаттығу құны – 1700 теңге. Алғашқы айларда емтихан тапсырушылардың 50 пайызы сүрінсе, бүгінгі таңда олардың қатары азайыпты.
Тұрғындарға барынша жайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлыққа жол беретін себептерді, бюрократизм мен әуре-сарсаңға салынуды жоятын мұндай орталықтар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері ішінде Қазақстан мен Грузияда ғана болса, оларға Ресей қызығушылық танытып отырған көрінеді. Осының өзі көп жайтты аңғартады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.