«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰРТШЫЛЫҚ ЖҮРЕГІНЕ ҰЯЛАҒАН

“Мағжан” журналының үстіміздегі жылғы бірінші саны қолыма тиіп, жаңаның астарына үңіліп, сырына қаныққанша жаным жай таппайтын әдетіммен парақтай бастадым. Таныс, бейтаныс ақын-жазушылардың туындылары және соларға қоса берілген суреттері бірден көзіме шалынды. Сонымен бірге, бұрындары есімдерін естігенім болмаса, шығармаларымен аса таныса қоймаған қаламгерлерді де байқадым. Бұлардың ішінде әдебиет жайлауына енді ғана ноқта ұстап енген жастары да бар екен.

Осы орайда “Мағжан” журналының өңіріміздің шегінен асып, елімізге танылғаны да қуантады. Өйткені, бұл басылымның мақсатын оның алғаш шаңырақ көтерген кезінен ақылдастар алқасының бір мүшесі болғандықтан жақсы білемін. Соған сай осы жақында Қызылжарда болып кеткен астаналық танысым журнал жайында жылы лебіз білдіргеніне көңілім тіпті марқайып қалды. Өйткені, ұлы ақынның есімімен аталған соң оны осылайша ақтай білу де парыз ғой.

Ал енді мазмұны бай. Алдымен Мағжанның Кенесарының батыр ұлы Сыздық жайындағы “Ертегі” дастаны үйіріп алады. Неше мәрте оқығам, алайда оқи беруден жалыққан жоқпын.

Есімі елімізге белгілі қостанайлық ақын Ақылбек Шаяхметтің Абайдың туғанына 170 жыл толуына арналған “Жұмбақ әлем сырын ашқан” атты мақаласын одан гөрі ғылыми зерттеу десем, артық емес. Ақын Абай мен Мағжан өлеңдеріндегі үйлестікті тауып айтады.

“Поэзия” айдарымен екі топтама берілген. Бірі – еліміздегі ең жүйрік, алғыр да тапқыр ақындардың бірі Ғалым Жайлыбайдың “Адамның адамдығы арда ғана” деген бір шоғыр жырлары. Ойшыл, лирик ақын:

Өзің де өр толқынсың,

Мағжан аға,

Соғылған екпініңмен жар-жағаға.

Заманның адал жүгі – ақындарда,

Адамның адамдығы арда ғана, – дейді.

Келіспей көріңіз. Өлеңдерінің мазмұны – Қызылжар, Есіл, Абай, Мағжан, көңіл күй лирикасы.

Ендігі кезекте елімізге белгілі журналист Кәрібай Мұсырман осы қабілетінен ақындық өнерінің басымдығын “Ең әсем ән – әлдиі ғой ананың” атты топтама жырларымен айғақтайды.

“Тұлға” айдарындағы “Арқа ажары”, “Түркістан” газеттерінде еңбек еткен Амантай Кәкеннің “Қазақтың Сәкені”, ақын-журналист Қорғанбек Аманжоловтың мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев жайындағы “Жадында Мақтайды жұрт сақтай жүрсін” зерттеулері тартымды. Осы айдармен журналдың бас редакторы Жарасбай Сүлейменовтің “Мағжанның анасы” әфсанасы көкейге қона отырып оқылады. Дихан Қамзабекұлының “Мағжан мен Смағұл” атты зерттеуі шағын болса да, шымыр.

Жоғарыда тілге тиек еткен жастардың ішіндегі өрені 1993 жылғы Елдос Тоқтарбайдың “Досымның күнделігі” қанаты қатая қоймаған жас қыранның қияға ұмтылысын байқатады.

Сөзді түйіндей келгенде, “Мағжан” жұртшылық жүрегіне ұялап барады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp