Биылғы жыл қазақстандықтар үшін тосын жаңалықтармен басталды. Парламентте ұзақ талқыланғаннан соң 7 қаңтарда күшіне енген “Жол қозғалысы туралы” Заң жайындағы қоғамдық пікір әлі де көрігін қыздырып тұр. Шетелдік жол қозғалысы ережелерінің тиімді тұстарына айрықша назар аудару арқылы қабылданған жаңа заңның байыбына біз де барып көрген едік.
ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІНЕ
ТАЛАП ҚАТАҢ
Бүгінде ел аумағындағы түрлі деңгейдегі жолдар ішінде күн сайын көбейіп келе жатқан көліктердің қуаты да, мүмкіндігі де әрқилы екендігі аян. Сол сияқты “темір тұлпарларды” тізгіндегендердің де көлік басқару қабілетінен бөлек, жолда жүру жауапкершілігін сезінулері де әрқалай. Жол ережелеріне шекесінен қарайтын жүгенсіздердің кесірінен жол-көлік оқиғалары көбейіп, олардың салдарынан зардап шеккендер саны артуы аталмыш заңды өмірге әкеліп отыр.
Жаңартылған заңның негізгі нормалары жүргізушілер үшін қиындық тудырмаса, түсініксіз тұстары да баршылық. Мәселен, күндіз көлік шамын жағып жүру міндетін жүргізушілер қауымы бірден орындауға кірісті. Полицейлер бұл шара жол апаты жағдайын болдырмауға бағытталғанын айтады. Ал көлікті тоқтатуға қатысты бірқатар сұрақтар туындағаны рас. Жаңа ереже бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлері көлікті тоқтатқан жағдайда жүргізуші де, жолаушылар да инспектордың рұқсатынсыз көліктен түспеуі тиіс. Мұндай шара қайсыбір күдіктілердің инспекторға шабуыл жасау мүмкіндігінің алдын алу үшін ойластырылған, деп түсіндірді тәртіп сақшылары. Сондай-ақ, әкімшілік полиция қызметкері қандай да бір көлікті тоқтатқан жағдайда жүргізушіге оны қандай себеппен тоқтатқанын түсіндіруге тиісті. Ал егер жүргізуші полицейден куәлігін көрсетіп, лауазымын сұраса, онда инспектор құжатын көрсетуге міндетті. “Тоқтату себебін полиция қызметкері тиісті құжаттармен дәлелдеуі міндетті ме?” деген көпшілікті толғандырған сауалға әкімшілік полиция инспекторы Әбілсейіт Жолаушин: “Полицей тоқтату себебін айтады. Ал тоқтатуға себеп болған жедел-алдын алу немесе іздестіру шараларын растайтын құжат қолында болмауы мүмкін. Себебі, жедел шаралар кез келген уақытта орын алып жатады”, – деді.
Тағы бір маңызды мәселе – бұдан былай көлікті мас күйде жүргізген жүргізушілерге қолданылатын жаза барынша қатайтылды. Енді мас күйде бірнеше рет көзге түскен есер жүргізуші 10 жыл мерзімге дейін көлік жүргізу куәлігінен айрылмақ.
Жасы 65-ке келген жүргізушілер екі жылда бір рет медициналық тексерістен өтуге міндетті. Бұл да жаңа норманың талабы. Ал жолаушылар тасымалы, қауіпті жүк тасымалымен айналысатын көліктер жедел қызметті шақыру қондырғысымен қамтамасыз етілуі керек.
Жаңа заң – жаңа куәліктер. Бұдан былай жүргізуші куәлігі 7 санат пен 6 қосымша санаттан тұрады. Көлік құралының санатына жатқызылып, жүргізуші куәлігімен басқарылатын скутерлерге енді жаяу жүргіншілер жолында жүйткуге үзілді-кесілді тыйым салынады.
Айта кететін ендігі бір маңызды мәселе – көліктегі медициналық қобдишадағы дәрі-дәрмек түрлері жаңартылып, күре жолда жеңіл көліктің жылдамдықты сағатына – 140 км.-ден, ал жүк көлігінің жылдамдықты 110 км.-ден асырмау талабы енгізілді. Бұған дейін жолдардың қиылысына небәрі 15 метр жетпей, көлік қоюға рұқсат етілсе, жаңа ереже бойынша бұл қашықтық 30 метрге өзгертілді. Бұл өзгеріс көліктің келесі жолға бұрылуы кезінде қандай да бір апатты жағдайдың туындамауы үшін енгізіліп отыр, дейді тәртіп сақшылары.
Талаптардан бөлек, жүргізушілердің көңіліне кірбің ұялатып, мазасын қашырған кейбір мәселелер оң шешімін тапты. Мәселен, бұған дейін көлікті тек арнайы рұқсат етілген белгісі бар көлік тұрағына ғана қою талап етіліп, оны орындамаған жағдайда жүргізушінің айыппұл төлейтіндігі қарастырылғанды. Жаңа ереженің соңғы нұсқасында мұндай шектеу алынып тасталды.
Күні кешеге дейін біреудің көлігін нотариус куәландырған сенімхаты бар адамның басқаруына рұқсат етілетін. Жол қозғалысының жаңа ережесінде бұл талап та жоқ. Керісінше, көлік иесіне сақтандыру полисін алғанда өзінен басқа көлік жүргізуге құқылы азаматтардың аты-жөнін полиске тізімдеп, енгізіп қоюына болады.
Заңдағы осындай жаңашылдықтарды егжей-тегжейлі түсіндіріп берген полиция қызметкерлері айыппұлдарды тез төлегендерге жеңілдік жасалатынын да айтты. Яғни, егер тәртіп бұзушылық орын алғаннан кейін айыппұлды бір аптаның ішінде өтегендер оның тең жартысын ғана төлейтін болады.
АВТОКРЕСЛО
АЛДЫҢЫЗ БА?
Әлі алмаған болсаңыз, ақпанның 7-сіне дейін бұл мәселені шешуге асығыңыз. Облыстағы полицейлер жаңа талаптарды орындап үлгермегендерге түсіністікпен қарап, әзірге түсіндіру жұмыстарымен шектеліп отырғандарын жеткізді. Ал алдағы уақытта заңды елемегендер 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлемек. Көпшілік жүргізушілерді толғандырған бұл мәселенің күн тәртібінен түсе қоймағанын қызылжарлықтардың әңгіме ауанынан сезіндік. Бала қауіпсіздігі бірінші кезекте тұру қажеттігін айтқан петропавлдық Асан Бектұров арнайы креслолардың қайғылы жағдайлардың азаюына сеп болатынына сенімін білдірсе, үйелмелі-сүйелмелі үш ұлдың әкесі Жандос Мәденовтің бүгінгі таңдағы “бас ауруы” – балаларды діттеген жерге жеткізудің амалы. Көлігін сатқан соң такси қызметіне жүгініп келген отбасы мүшелері енді көлікке сия алмай дал. Ұлдары отырса, ата-анасының біріне орын жоқ. “Әрі такси жүргізушілері де баланың үшеу екенін естіген уақытта бірден бас тартады. Алған күннің өзінде жол ақысына қосымша 100 теңге төлеуім керек екен. Осындай қиыншылықтарға душар болып отырмыз”, – дейді отағасы. Еркін есімді көлік жүргізуші жасы он екіге толмаған бойшаң баласын қандай орындыққа отырғызарын білмейтінін айтты. Бұл мәселенің мәнісін түсіндірген облыстық әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Сайлаубек Мусин: “Егер балаңыз 12 жасқа толмағанымен, бойы 135 сантиметрден ұзын, ал салмағы 36 килограмнан артық болса, онда арнайы құрылғыларды алудың қажеті жоқ. Оған ересектерге арналған қауіпсіздік белдікті тағынуға болады”, – деді.
Аталған мәселе жайымен қаладағы такси қызметтерінің басшыларына хабарласып, ондағы көліктердің автокреслолармен жабдықталу жағдайын сұраған болатынбыз. Олар да жаңа тәртіппен жұмыс істеуге бейімделіп үлгермеген көрінеді. “Пятерочка” такси қызметі бұрынғы режіммен жұмыс істеп жатқандарын айтса, “Адмирал” таксистері кішкентай жолаушылардың бар-жоғын сұрап алып, балалар болған жағдайда орталықтағы азды-көпті креслоларды пайдаланатындарын жеткізді. Тағы да бірнеше такси қызметі арнайы қондырғылармен қамтамасыз ету мәселесінде проблемалар бар екенін, әйтсе де оларды осы айдың ішінде шешетіндеріне сендірді.
“Темір тұлпарды” тізгіндегендерді әлекке салған арнайы құрылғылардың айырмасы неде? Құны қанша? Бұл сұрақтардың жауабын облыс орталығындағы “Алматы-Петропавл” көтерме-сауда базарынан таптық.
– Автокресло іздеп табандарын тоздырып жүргендердің қарасы қалың. Сұраныс болғандықтан, олардың бағасы да күрт өсті. Қазір бір автокреслоның бағасы 35 мыңнан басталып, 100 мың теңгеге дейін барып қалады. Мендегі Ресейден алдыратын орындықтар мен арнайы құрылғылардың бәрінің де сәйкестік сертификаттары бар. Әйтсе де, саудагерлер арасында Қытайдың арзанқол бұйымдарын әкеліп, саудалап жатқандар жеткілікті. Олардың бағасы біршама арзандау болғанымен, сапасы төмен. Сондықтан төлейтін айыппұлды ғана емес, бала қауіпсіздігін де ойлайтындар тауарлардың сәйкестік сертификаттарын сұрағандары дұрыс, – дейді автокресло сататын бутиктің иесі Қайырбек Уәлиұлы.
Ережелер енді қабылданса да бұл іспен айналысқанына бес жылдың жүзі болған Қайырбек ағамен әңгімелесу кезінде арнайы орындықтарға қатысты көп жағдайдан қанық болдық. Автокреслоларға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Конвенциясындағы нормалар көрсетілген қағаздарын алып шыққан кәнігі сатушы орындық түрлерін көрсетіп тұрып, рет-ретімен түсіндіріп берді. Оның айтуынша, арнайы орындықты сатып алмас бұрын балаға қай санаттағы құралдың жарайтынын анықтап алған жөн. Мәселен, “0” және “0+” санаттарының құралына (жаңа туған сәби мен 6 айға дейінгі нәрестелер) автобесік жатады екен. Ал “І” санатындағы құралдарға (9 айлық сәбиден 4 жасқа дейін, салмағы 9-18 килограмм аралығындағы балалар) автокреслолар мен балалар орындықтары жатады. “0”, “0+” және “І” санатындағы автокреслолар арнайы жасалған бес нүктелі белдіктермен жарақталған. Олар баланы тек иықтан емес, аяқтарының арасынан да бекітеді.
Ал “ІІ” (салмағы 15-тен 25 килограмға дейінгі 3-12 жас аралығындағы балалар) және “ІІІ” (салмағы 22-ден 36 килограмға дейінгі 6-12 жас аралығындағы балалар) санаттағы автокреслолар арқалықтың немесе бас тірегішінің биіктігі бойынша реттеледі. Бұл сәби бойына қарай олардың көлемін өзгертуге мүмкіндік береді. Креслоларда бала көліктегі белдіктермен бекітіледі.
Балаларды ұстап тұратын құрылғылар көлік орындығына бекіту түрлеріне сәйкес бөлінеді. Көбінесе бекіту көліктің қауіпсіздік белдігін қолдану арқылы немесе “0” және “І” тобының құрылғылары үшін қолданылатын арнайы бекіткіштің көмегімен жүзеге асырылады.
Бустерлер автокреслоға сыймайтын мектеп жасындағы балалар үшін қолайлы. Тығыз материалдан жасалған жастық тәрізді бустерге баланы отырғызған кезде оны көліктегі қауіпсіздік белдігімен бекітуге болады. Бастысы, белдік мойынға батпай, иық буынының үстінен өтуі керек. Ол үшін қауіпсіздік белдігінің адаптерін қолданған жөн. Бұл құрылғы қауіпсіздік белдігін балаға сәйкес реттеуге мүмкіндік береді. Адаптерді бустермен бірге алуға кеңес берген Қайырбек аға:
– Бекіткіш құралды таңдаған кезде кішкентай жолаушының қайда отыратындығын ескерген жөн. Егер алдыңғы орындықта отырса, онда ол міндетті түрде балалар автокреслосына отыруы тиіс. Артқы орындықта кез келген бекіткіш құралды пайдалануға болады, – деді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа ережелердің тиімділігіне уақыт төреші. Бастысы, заңнама бұрмаланбай, халықтың игілігі мен жолаушылардың қауіпсіздігіне қызмет етсе, игі.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.