«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰРТ СЫЙЛАҒАН ЖАҢЫЛ АПА

Жамбыл ауданындағы Май­балық ауылы – жұрты ежелден қазақы дәстүрді берік ұстанған, ауызбіршілігі мықты елді мекен­нің бірі. Осы ауылда небір жақсылар мен жайсаңдар дүниеге келді. Адал еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленгендер аз емес. Соның бірі – ұзақ жылдар ауыл фельдшері болып қызмет атқарған Жаңыл Байтасова. 

Сексеннен асқан шағында өмірден озған Жаңыл апамыздың адал еңбегі, өмір өрнектері жайлы сәл кейінірек баяндайын. Менің айтайын дегенім, жақында “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qaqastan”) газетінің ескі сандарын қарап отырып, ол кісінің қайсарлығы арқау болған мақаланы көзім шалды. 

1959 жылдың 16 қазанында Жамбыл ауданындағы Үлгі ауы­лын дүрліктірген оқиға орын алыпты. Мылтық асынған бұзақылау бір ауыл жігіті кинодан кейін үйлеріне кетіп бара жатқан бір топ жастың ішінен Жаңылды қолынан сүйреп, бір үйдің тасасында тұрған ат жегілген шанаға еріксіз алып ұрып, аузын басып, ауылдан шыға жөнеледі.
Жаңылдың “қайда апарасыз, мен бәрібір сізбен өмір сүрмеймін” деген тоқтау сөздеріне құлақ аспайды. Көрші Айтуар ауылына жеткенде ол танысының үйіне тоқтау үшін терезесін қағуға кеткенде Жаңыл апамыз жан ұшырып қашып, үюлі сабанға тығыла­ды. Оны жоғалтқандардың шуы басылғасын сол үйдің иелеріне жағдайды түсіндіріп, түнеп шығады. Таңертең туған ауылына же­теді.
“Ленин туы” газетінде “Ескілік шырмауынан арылайық” тақырыбымен бұл оқиға жайлы Жаңыл Байтасованың хаты жарияланып, басылым оқырмандары осы мәселеге жан-жақты ой қосады. Жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың “Мөлдір махаббатын” оқып, жан тазалығына ұмтылған қазақ жастары хат иесінің ескіліктен қалған жаман ғұрыпқа қарсы тұрғанын қолдап, өз пікірлерін жолдайды. Бұл газеттің бірнеше нөмірінде жарияланады. Осылайша, олар Жаңылдың ерлігіне сүйсінеді, ал ауылдың бұзақы жігітін ескі өмірдің сарқыншағы деп айыптайды.
Осылайша, Жаңыл апамыздың басынан өткен келеңсіз оқиға облыс жастарына ой салып, сабақ болады. Ал 1960 жылы өткен облыстық ақындар айтысында намысын таптатпаған қайсар қыздың табандылығы, бірбеткейлігі ақындар жырына арқау болады. Бұл оқиға, әрине, сол уақытта талай бойжеткеннің рухын көтеріп, намысын оятты.
Жаңыл апамыз қазақ қыздарына тән бірбеткей мінезімен тағдыр жолында қаншама қиындықты еңсере білді. Көзі тірісінде бірде оны іздеп бардым. Сол жолы ол кісі ұшқан ұя, өскен ортасы, өткен ғұмыры жайлы әңгімеледі.
Әкесі Байтас Әділбайұлы есімі алыс-жақын ауылдарға жақсы мәлім аңшы, саятшы болған. Ал анасы Бибіғалидың ауылдағы он саусағынан өнер тамған беткеұс­тар тігіншілердің бірі болғанын көнекөз қариялардан да талай естігенбіз. Оның сол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін “Зингер” тігін машинкасымен талай қыз-келіншектің жоғын түгендегенін ауыл үлкендері ауыздарынан тастамайтын. Алайда, үш жасында әкесі он беске келгенде шешесі дүние салып, Жаңыл апамыз же­тім қалады. Ағасы екеуіне ауыл жұрты қол ұшын созып, тағдырдың тезінен аман-есен алып шығады. 1953 жылы Майбалық жетіжылдық мектебін аяқтаған бұрымдыны ұстаздары Қызылжардағы №5 Калинин атындағы қазақ орта мектебіне орналастырады. Қазақ мектебі болса да, тарих, география, қазақ тілі мен әдебиетінен басқа пәндер орыс тілінде оқытылатындықтан алғашында ауыл қызына қиын болыпты. Бірақ жігерлі бойжеткен бұған жасымаған.
Петропавл медициналық технику­мына оқуға түскенде оның жалғыз қазақ қызы болғанын да өз аузынан естідім. Фельдшер маманды­ғын меңгеріп, жолдамамен Жамбыл ауданының Үлгі ауылына барғанда жоғарыда баяндаған келеңсіз оқиға орын алған екен. Бұдан кейін туған ауылында еңбек жолын жалғастырады. Ал 1960 жылы ол “Благовещенский” кеңшарында инженер-механик болып қызмет ететін Үлгі ауылы­ның жігіті Асқар Есқожинмен көңіл қосып, отбасын құрады. Алайда, бұл бақыты да ұзаққа созылмады. Небәрі он төрт жыл ғана бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен отбасының басына қаралы күн туады. Жұбайы 35 жасында жүрек талмасымен өмірден озады. Ал Жаңыл апа­мыз алты баламен аңырап артында қалады. Аспан айналып жерге түскендей қайғыдан есеңгіреген қырыққа да толмаған келіншектің мойнына шиеттей бала­ларын өсіріп, жеткізу жүгі тү­седі. Сонда үлкені он екіде, кішісі үште ғана еді. Жаңыл апамыз бұл қиындыққа да мойынсұнған жоқ. Қара нардай қайратты қайран ана­ларымыз-ай!
Жаңыл апамыз Майбалық ауы­лында 33 жыл фельдшерлік қызмет атқарды. Ауыл дәрігері жұмысының қиындығын біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Қыстың боранды, көктем мен күздің жауын-шашынды күндері қатты науқастанып қалғандардың жанынан табылып, қажет болса, аудан орталығына жеткізу үшін көлік іздеп, табанынан тозатын. Әйелдерді жол үстінде босандырып алған күндері аз емес. Үлкеннің де, кішінің де денсаулығы үшін шырылдаған Жаңыл апамызды ауыл жұрты да ерекше құрметтеді. Өз басым көпшілік тарапынан көрсетілген мұндай ілтипат оған өмір жолындағы қайсарлығы, еңбектегі адалдығы үшін берілген зор баға деп білемін.

Ахметжан ҚУАНТАЕВ,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp