
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Nur Otan” партиясының 2019 жылғы 27 ақпандағы XVIII съезінде және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты халыққа Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес еліміздің әлеуметтік көмек көрсету жүйесі түбегейлі өзгертіліп, Үкіметке атаулы әлеуметтік көмекті бөлу тәртібін реттеу міндеттелген болатын. Осы тапсырмалар негізінде биылғы жыл жағымды өзгерістерге толы болмақ.
Жаңа жылдан бастап елімізде әлеуметтік қолдаудың аясы кеңейе түспек. Басты жаңалық – көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жаңа мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі. Және әлеуметтік қолдаудың бұл түрі бала санына қарай өзгеріп отырады. Төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге, бес перзентке – 53 127, алтауға – 63 757, жеті және одан да көп балалары бар отбасыларға 74 388 теңге берілмек. Сонымен қатар жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі де өзгеріске ұшырайды. Көмектің бұл түрі бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, бүкіл отбасыға жәрдемақы төлемдері толықтай тоқтатылады.
Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты, мемлекеттен балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, асыраушысынан айырылу бойынша, аса зиянды және ауыр жұмыстарда еңбек ететін адамдарға төленетін әлеуметтік жәрдемақылар да көбейеді. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғау басты назарға алынып отыр. Мәселен, 2020 жылы мұндай адамдардың қоғамда толыққанды өмір сүруіне жағдай жасалады. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар және басқа да нысандарды қолжетімді ету қажет. Олардың қатарында пандустарды, лифтілерді, тактильді таңбаларды орнату бар. Арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандардың еш кедергісіз жүріп-тұруына толыққанды жағдай жасау мәселесіне ерекше ден қойылмақ. Яғни, биыл мұндай азаматтарды оңалту орталығына жеткізу арнайы көліктің көмегімен жүзеге асырылатын болады. Бүгінде облысымызда 28 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Оларды қоғамға бейімдеудегі ең басты жұмыс – оңалту шаралары. Жыл сайын мұқтаж жандар арба, сурдо, есту протезі сияқты құрылғылармен қамтылады. Былтыр осы мақсатқа 2 млрд. теңге жұмсалды. Биыл да бұл салада ауқымды жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап асыраушысын жоғалтқан жағдайда мүгедектік бойынша төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері күнкөріс минимумы мөлшерінің өзгеруіне байланысты 5 пайызға артады. Сөйтіп, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы жалпы сырқат бойынша және мүгедектік тобына байланысты 32431 теңгеден 59872 теңгеге дейін төленетін болады.
Асыраушысынан айырылған жағдайда азаматтарға төленетін жәрдемақы мөлшері отбасы мүшелеріне қарай 26818 теңгеден 65797 теңгеге дейін белгіленді. Сондай-ақ, тұл жетімдердің әрқайсысына төленетін жәрдемақы көлемі 36796 теңге болды. Бала тууға байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері ұлғаймақ. Яғни, бірінші, екінші және үшінші сәбиге 100776 теңге немесе 38 айлық есептік көрсеткіш, төртінші балаға 167076 теңге немесе 63 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік көмек тағайындалды. Бір жасқа дейін бала күтімімен үйде отырған аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы мынадай мөлшерде белгіленіп отыр: бірінші балаға – 15270 теңге, екіншіге – 18054 теңге, үшіншіге – 20811 теңге, төрт және одан көп баласы бар аналарға – 23594 теңге. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларының иелері немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы жәрдемақы 16 мың теңгеден асады.
2020 жылы Еңбек заңнамасы бойынша елімізде ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 42 500 теңге көлемінде қалып отыр. Еңбекақыға қоса берілетін қосымша төлемдер жұмыс берушінің қалауына қарай жүзеге асырылады. Мәселен, 2019 жылдың басынан бері елімізде әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мың кәсіпорын 1,2 миллион жұмысшының жалақысын 32 пайызға – 46 мың теңгеден 61 мың теңгеге дейін көтерген. 1 шілдеден бюджеттік қызметкерлердің айлығы 30 пайызға ұлғайды. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25, мәдениет саласы қызметкерлерінікі 35-50, әлеуметтік сала қызметкерлерінікі 30-60 пайыға өсті.
2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрайды. Ескі жылда ең төменгі зейнетақының мөлшері 36 108 теңге болса, келесі жылы 38 636 теңгеге жетеді. 2020 жылдың басынан қазақстандықтардың зейнетақысы да инфляция деңгейіне қарай өседі. Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 және айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңге деп бекітілді.
Марина МАРКОВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы.