«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘРМЕҢКЕГЕ КЕЛГЕНДЕР КӨП БОЛДЫ

Әдеттегідей, сенбі күні қала орталығындағы М.Жұмабаев көшесінде өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі күздің таңертеңгі уақыттағы ызғырық желі аралас суығына қарамастан, ойдағыдай өтті деуге болады. Азық-түлік өнімдері қажет адамдар жәрмеңке өтетін жерге көптеп келіп жатса, қалайша олай демеске?! Үстіміздегі жылы 122-ші рет өткізіліп отырылған осынау шараға бұл жолы да 8 аудан қатысты. Олар: Есіл, Шал ақын, Аққайың, Тайынша, М.Жұмабаев, Ақжар, Айыртау және Қызылжар аудандары.

“Өңір берекесі” жәрмеңкесінде қаланың ғана емес, облыстағы ұқсату кәсіпорындарынан, бал өндірушілерден, ауыл шаруашылығы құрылымдарынан жеткізілген өнімдер тұтынушыларға молынан ұсынылды. Әсіресе, қара малдың еті жеткілікті болды. Жылқы еті де сатылып жатты. Қойдың аз болғаны да көрініп тұрды. Жұмыртқаға келсек, 3-4 шатырда ұзыннан-ұзақ кезек тұрды. Қалайша тұрмасын: “Алекри” ЖШС-і І санаттағы жұмыртқаның 10 данасын – 140 теңгеге, ал ІІІ санаттағыны небары 55 теңгеге сатып жатса?! “Әділ-Құс” ЖШС-і мен Бескөл құс фабрикасынан жеткізілген жұмыртқа 120-135 теңгеге сатылды.

Қала іргесіндегі Березовка ауылындағы бір отбасы бие байлап, қымыз сатуды кәсіп еткендігі жайлы біздің газетімізде жазылған. Өз басым 1,5 литрлік құтыдағы қымызды 750 теңгеге сатып алдым.

Жәрмеңкеге Мағжан Жұмабаев ауданындағы Лебяжье ауылының тұрғыны Болат Омаров деген ағайынымыз да келген екен. Ол “Сыбаға” бағдарламасы бойынша сиырлар сатып алып, кешікпей-ақ сол кәсібін бірыңғайлап алған көрінеді. Болат жәрмеңкеге 1 центнер ірімшік әкеліп, түгел сатып үлгеріпті.

Осынау қала тұрғындары үшін арнайы өткізілген сауда кезінде азық-түлік өнімдерінің 20-дан астам түрі сатылып, 21 миллион 241 мың теңгенің саудасы жасалды.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp