«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘРМЕҢКЕЛЕРДІҢ ЖӘРДЕМІ БАР

Елбасымыздың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауын жүзеге асыру – барша қазақстандықтардың міндеті. Өйткені, Елбасының сындарлы саясатымен даму бағытымызды айқындасақ, бүгінгі қиындықтарды еңсеретінімізге зор сенім артуға болады. Сондықтан елімізде жұмыссыздықты жою бағытында алға қойған мақсат, міндеттер аз емес. Осы орайда уәкілетті органдар халықтың жұмыспен қамтамасыз етілуін ерекше назарда ұстауда.

Әсіресе, бүгінгі нарық заманында екі қолға бір күрек табу қиын-ақ. Бірақ еңбекке құлшынысы ерекше кез келген адамның таудай талабы болса, сұраныс пен ұсыныс бір-бірін толықтырары хақ.  

2013 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің “Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы” АҚ-да құрылған “Жұмыс” ақпараттық порталында Қазақстанда еңбек нарығын реттеуге, жұмыс және жұмыскерлерді іздеуге байланысты ақпаратты шоғырландыру, бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру, еліміздің жеке агенттіктерінің бос жұмыс орындарын жариялау, жалпы республикалық дерекқор құру, түйіндеме орналастыру, түлектердің дерекқорын қалыптастыру жүзеге асырылады.

Бұған қоса, порталда “Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі” атты тарау бар. Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер онлайн режімінде Skipe, ICQ байланыстары мен Mail.RU агентінің бейне қоңырауы арқылы бос орындар бойынша мәселелерді талқылай алады. Сонымен қатар, өздерін толғандырған сауалдар бойынша әңгімелесу мүмкіндігі бар.

Аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында жұмыс іздеп, табуға ниет білдірген адамдарға жәрдем көрсету үшін нақты шаралар жүзеге асырылуда. Облыс аудандарды мен Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жыл сайын бос жұмыс орындарына 80-90 жәрмеңке өткізеді.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс іздестіру әдістерінің бірі болып табылады. Ол жұмыссызға жұмыс берушімен немесе кадр жұмысы бойынша менеджермен жеке танысу, түйіндеме беру, еңбек шарттары, түрі және еңбекақы мөлшері туралы білуге мүмкіндік береді.

Биылғы жыл басынан бері облысымызда 66 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, оған 972 жұмыс беруші мен 2766 жұмыс іздеуші қатысты. Жәрмеңкелердің арқасында 620 адам жұмысқа орналастырылып, 235-і – ақылы қоғамдық жұмыстарға, 83-і – кәсіби даярлауға, 30 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Бұған қоса 2402 адам жұмыспен қамту мәселелері жөнінде кеңес алды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде әңгімелесу, дәріс, топтық, жеке кеңестер түрінде жұмыс орындарын іздеудің түрлі әдістері бойынша жұмыс іздеу клубтары тұрақты түрде жұмыс істейді. Мәселен, биылғы жыл басынан бері 2090 тыңдаушыға, соның ішінде жастар арасында 299 сабақ өткізілді. Нәтижесінде 858 адам жұмысқа орналастырылды. Ал 546 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылса, 127-сі – кәсіби даярлауға, 79 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.

Тұтастай алғанда, осы бағытта жүргізілген жұмыс нәтижелі болды. Сондықтан бұл жұмыс одан әрі жалғасын таппақ.

Лариса ШЕРЕМЕТЬЕВА,

 облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp