Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбекпен хабарласқанымызда теңге бағамының еркіндікке жіберілуінен кейінгі өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал барынша қадағаланып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағаларына күніне екі рет мониторинг жүргізілетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, теңге өзгерісін пайдаланып, алыпсатарлық, жасанды тапшылық жасау, өндіру мен өткізуді негізсіз шектеу фактілері тіркелмеген. Теңгенің айырбас бағамының еркіндікке жіберілген алғашқы күндері қантқа сұраныстың өсуі салдарынан баға 17,8 пайызға көтерілген. Бірқатар сауда нүктелерінде жетіспеушілік байқалып, бұл олқылық дереу түзетілген. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ірі тасымалдаушылармен келісімшарт жасасып, тұрақтандыру қорына 680 тонна тәтті өнім жеткізілген. Қазір бір килограмм қанттың бағасы 175-185 теңгеден сатылуда. Жер-жерлерде құрылған жедел штабтар бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу шараларын дер кезінде қарастырып, “Қауырт желі” телефонына түскен дабылдар бойынша нақты шешімдер алған.
Жаңа экономикалық саясатты кәсіпкерлік субъектілер еліміздің экономикалық қауіпсіздігін, отандық тауарөндірушілердің сыртқы нарықтағы бәсекелестік мүддесін ойлаудан туған стратегиялық басымдық ретінде түсіністікпен қабылдап, тауар нарығындағы бағаның қолжетімді болуының барлық мүмкіндіктерін қарастырып отыр. Соңғы ұйымдастырылған сенбілік жәрмеңкеге қатысқан ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері мен кәсіпорындар өз өнімдерін нарықтағы бағадан 20 пайыз арзанға ұсынды. Мәселен, сиыр еті – 870, 10 дана жұмыртқа 120 теңгеден сатылды. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі сүттің бір литрін – 136, сарымайды – 1100 теңгеден, “Астық-Стем” ЖШС картопты – 42, сәбізді 45 теңгеден босатты. Сауда сөрелеріне барлығы 35 миллион теңгенің қолжетімді азық-түлік түрлері қойылды.
Медициналық мақсаттағы 200-ге жуық дәрі-дәрмектің бөлшек сауда айналымындағы бағасын өсірмеу мақсатымен екітарапты меморандумдарға қол қойылған. Екінші деңгейлі банктердің жергілікті филиалдарында 12 миллион АҚШ доллары, 215 миллион Ресей рублі бар. “АИ-80” маркалы бензин (89 теңге) мен дизель отынының (99 теңге) бағасы өзгеріссіз қалса, “АИ-92” маркалы бензиннің бағасы 123-130 теңге аралығында құбылып тұр. Соңғы кездері жанар-жағармай жеткізуші операторлар қимылының баяулағаны байқалады. Олар бұл әрекеттерін Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеуге жабылғанымен түсіндіреді. Қазір 9,5 мың тонна бензин қоры жинақталған. Қыркүйек айында 500 тонна “АИ-80” маркалы және 1,5 мың тонна “АИ-92” маркалы бензин жеткізіледі.
Керісінше, картоп, қырыққабат, қызылша, сәбіз, сарымсақ секілді бірқатар көкөніс түрлері 5-31 пайызға арзандаған.
Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті берген мәліметтер бойынша азық-түлік өнімдерін көтерме сатумен 10 ірі компания айналысады. Олардың тарапынан ешқандай заң бұзушылық оқиғалары байқалмаған. Соған қарамастан, алыпсатарлық, ең алдымен, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік тауарларына, жоғары тұтынушылық сұранысқа ие азық-түлік емес тауарларға қатысты орын алып, заңнамалар бұзылған жағдайда қатаң жауапкершілікке тартылатыны әрқайсысына жазбаша түрде ескертілген. Атап айтқанда, мұндай іс-әрекеттер үшін барлық монополиялық табыс тәркіленіп, айналымның 3 пайызынан 5 пайызына дейін айыппұл салынатын болады.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.