Айыртау ауданындағы Қарақамыс ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр. Ошақтың орнындай болып үңірейіп қалған жол жүргізушіге де, жолаушыға да, тіпті, автокөлікке де ауыр тиеді.
Ой-шұңқырды айналып өтіп, дұрыстау жермен жүремін деп, қарсы бағыттағы көліктер бір-бірімен соқтығысып немесе жолдан шығып кеткен жағдайлар да кездесті. Әсіресе, Қарақамыс – Лавровка ауылдары аралығындағы тасжолдың сапасы өте нашар. Жол шұрық-тесік. Мен ес білгелі бұл аралықтың тасжолы бірде-бір рет жөнделіп көрген емес.
Қазіргі уақытта Қарақамыс ауылында 60-тан астам отбасы түтін түтетіп отыр. Үстіміздегі жылдың 22 ақпанында бұйымтайымызды аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуiнде де айттық. Алдағы уақытта облыстағы болашағы бар ауылдардың тізімі жасалатыны, Қарақамыс бұл санатқа кірген жағдайда мәселенің шешімі табылатындығы айтылды. Облыс орталығынан 180 шақырым жерде орналасқан Қарақамыс болашағы бар ауылдардың қатарына кіре ме, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Сондықтан ауыл адамдары осылайша шарасыз күй кешуде.
Біздің ауылдан аудан орталығына Светлое, Қарақамыс, Дәуқара, Егіндіағаш және Сырымбет елді мекендері бойымен өтетін тасжол арқылы жетуге болады. Бұл жолдың да жағдайы мүшкіл. Жолдың сапасыздығына байланысты жолаушылар Сырымбет ауылына дейінгі аралықты сағатына 20-30 шақырым жылдамдықпен жүруге мәжбүр. Былтырғы жылдың басында өткен барлық деңгейдегi әкiмдердiң халық алдындағы есеп беру кездесулерiнде ауданның бұрынғы әкімі Светлое мен Саумалкөл аралығын қалыпқа келтіруге бюджеттен 100 млн. теңгеге жуық қаржы бөлiнгендігін айтып, жұртты бір қуантқан еді. Алайда, ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Жыр болған жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің орнына ой-шұңқырларды жамау үшін ірі-ірі тастар төселді. Оның өзінде тиісті жұмыстар толық атқарылмай, орта жолда аяқсыз қалды. Тасжолдың көп учаскелері “баяғы жартас, сол жартас” күйінде қала берді. Өз басым жол бойына мұндай ірі тастардың төселгендігін құптамаймын. Өйткені, бұл тастар автокөліктің астына тиіп, жүргізушіге жайсыздық туғызады. Нәтижесінде ауыл тұрғындары енді шұңқырларды емес, тастарды айналып жүретін болды.
Меніңше, ауыл жұртшылығы қалаға ағылған заманда іргесі сөгілмей, қаймағы бұзылмай отырған елді мекендерді ұмыт қалдырмаған жөн. Өйткені, ол ауылдарда қарашаңыраққа ие болып қалған жандар бар. Сол кісілер бүгінгі күні ата кәсіпті жандандырып, мал ұстайды, егін егеді. Бір сөзбен айтар болсақ, елді мекеннің іргесінің сөгілмеуіне үлес қосып жүрген жандарға қолдау керек.
Меңдібай ТӘЖІБАЕВ,
Қарақамыс ауылының тұрғыны.
Айыртау ауданы.