Жуырда бір топ жүргізуші ашық бюджеттің интерактивті картасына шағымдарын қалдырыпты. Солтүстікқазақстандықтар “Петропавл – Қорған” бағытындағы тас жол бойында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына алаңдаушылық білдірген.
“Петропавл мен Мамлюка арасын жалғайтын жолда жөндеу жұмыстарының басталғанына екі жылдан асты. Әлі қашан аяқталатыны белгісіз. Көлігіміз сынып, жүйкеміз тозып бітті. “Бұл жол қашан жөнделіп бітеді екен?” деген сауал бәрімізді мазалайды. Аталмыш мәселені бақылауға алсаңыздар екен”, – делінген хатта.
Аталмыш шағым облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бағытталды. Порталдың үйлестірушісі болып табылатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мамандары “ҚазАвтоЖол” акционерлік қоғамы облыстық филиалына да ресми сауал жіберді. Тапсырыс берушіден келген жауапта барлық орын алған кедергілерге қарамастан, жөндеу жұмыстарының жыл соңына дейін аяқталатыны атап айтылған.
“Тас жолдағы жөндеу жұмыстары 2019 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс болатын. Дегенмен, мердігер компаниялардың келісімшарт талаптарын толық орындамауының нәтижесінде сотқа шағымдануымызға тура келді. Осыған байланысты жұмыстарды аяқтау уақыты биылғы жылдың соңына дейін шегерілді. Ел бюджетінен 6,63 миллиард теңге бөлінген болатын. Бұл қаражат барлық жұмыстарды уақытында әрі сапалы жүргізуге жеткілікті”, – делінген ресми жауапта.
Бүгінгі күні ашық бюджеттің интерактивті картасында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 2019-2020 жылғы 437,6 миллиард теңге бюджет қаржысы туралы ақпарат жарияланған. Тағы 10 мемлекеттік мекеменің бюджеті бұл картада модерациядан өтуде. Ашық бюджеттердің интерактивті картасы азаматтық бақылауды күшейтуге және тұрғындарға бюджет қаржысының жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, құрылысқа, әлеуметтік нысандарды жөндеуге бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін, құрылыс мерзімін, кепілдік міндеттемелерді, жеткізіп берушілердің тізімін осы сайттан көруге болады.
Жан АЙТМАҒАМБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.