Өңірімізде жылыту маусымы аяқталды. Энергетиктер атқарған жұмыстардың қорытындысы қандай? Облысымыздың аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылып жатыр? Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында осы мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіп, жауапты органдардың басшылары есеп берді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров жылыту маусымының қалай өткені туралы нақты деректерді келтіре отырып, оның қорытындысын баяндады және алда тұрған міндеттерге тоқталды.
– Өткен жылыту маусымы облыс орталығында ойдағыдай өтті, ешқандай төтенше жағдай болған жоқ. Бірақ бірқатар мәселелер туындағанын айта кеткен жөн. Біріншіден, облыс орталығындағы бір мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйдің 92 пайызы ғана былтырғы күзде жылыту маусымына дайындық паспортын алды. Басқару кондоминиумы құрылмаған үйлерді амалсыздан орталық жылыту желісіне қосуға тура келді. Үстіміздегі жылы олай болмайды.
Екіншіден, көпқабатты тұрғын үйлердегі кейбір пәтер иелері рұқсатсыз жылыту батареяларын қосады. Соның салдарынан басқа пәтерлер суиды, – деді Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков. Шаһар басшысының айтуынша, қаланың энергетика кәсіпорындары 4,5 мыңнан астам көпқабатты және жекеменшік үйді, 170 әлеуметтік-мәдени нысанды кестеге сәйкес жылумен қамтамасыз еткен.
Облыс орталығының бірқатар учаскелерінде жылыту құбырларының тозығы жеткен. Мәселен, Пушкин-Крепостная-Совет көшелерінің қиылысында, басқа да жерлерде осындай жағдай қалыптасқан, оларды жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы бөлінбек. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының жоспары жасалғанын, оған тиісті қаржының бөлінгенін облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев айтып берді.
Өңір басшысы бұл саладағы бірқатар күрделі мәселелерге тоқталды. Монополист кәсіпорындар жөндеу жұмыстарын бейберекет жүргізуге үйреніп алған, тиісті орындардан қажетті бақылау жоқ. Бір кәсіпорыннан кейін көп уақыт өтпей әлгі жерге басқасы жөндеу жүргізеді. Қазылған құбырлардың орнын, асфальт жабындыларын қалпына келтірмей кететіндеріне тұрғындар наразы. Мұндай кәсіпорын басшыларына қатаң әкімшілік шара қолдану керек. Жөндеу жұмыстарын үйлестіру Петропавл қаласының әкіміне тапсырылды.
Биыл да жылу қазандықтарын мектеп ғимаратынан тыс жерге шығару жалғастырылмақ. Соңғы үш жыл ішінде 46 қазандық көшірілген. Өңір басшысы бұл істе Ақжар ауданы сылбырлық танытып отырғанын сын тезіне алды. Аудан әкімі Ербатыр Мадияровтан агроқұрылым басшыларын тарту арқылы жағдайды түзетуді талап етті. Сонымен қатар облыс аумағындағы 15 мектепті жылытуға электр энергиясы қолданылады, оған бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалады. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімоваға тиісті орындармен келісіп, жағдайды түзетуді тапсырды.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов пен Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық қадағалау және бақылау инспекциясының басшысы Марат Ыбыраев облыс аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы есеп берді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл бағытта тындырымды іс-шаралар атқарылып жатқанын атап көрсетіп, ауылдық округтерде ветеринар мамандар жұмыс істеуі үшін оларға баспана беру мәселелерін оңтайлы шешуді тиісті басшыларға тапсырды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.