«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАЙЫРЛЫ БІЛІМ – РУХАНИ ДАМУ КЕПІЛІ

Білім беру жүйесіндегі зайырлылық қағидаттары қандай? Діни сенім бостандығы дегеніміз не? Діни және дінтану білімінің айырмашылығы неде? Діни таным зайырлы дүниетанымның бір бөлігі бола ала ма? Осы сынды бүгінгі күннің өзекті сауалдарына жауапты Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен болған сұхбаттан оқи аласыздар.

– Айнұр Әбдірәсілқызы, өзіңізге белгілі, күн тәртібінен түспейтін тақырыптардың бірі – білім беру жүйесі. Сондықтан әңгімемізді білім беру жүйесіндегі зайырлылық қағидаттарын айқындаудан бастасақ. Дін саласындағы ғылыми-зерттеу мекемесінің басшысы ретінде осы қағидаттарды қалай түсіндірер едіңіз?

– Зайырлылық қағидаттары заңнамалық нормалар арқылы бекітілетіндіктен, бұл орайда алдымен заң тілімен сөйлеуге тура келеді. “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңның 3-бабының 4-тармағы бойынша діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады.

Ал Қазақстан Республикасының 2007 жылы 27 шілдеде қабылданған “Білім туралы” Заңына сәйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты болып табылады. Сонымен қатар, аталмыш заңға сәйкес білім беру ұйымдарында саяси партиялар мен діни ұйымдардың, бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады.

Аталған ұстанымдар біріге отырып, еліміздегі білім беру жүйесінің зайырлылық қағидаттарын құрайды. Бұл қағидаттар білім алушылардың бостандықтары мен құқықтарын, қауіпсіздігі мен заң аясында әрекет етуін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

Бұл орайда ең басты назарда ұстайтын нәрсе – зайырлылық дегеніміз – гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және діни сенім бостандығын жүзеге асыруды қолдайтын, дүниетанымдық еркіндікті, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындайтын, адамгершілік-өнегелілік және құқықтық құндылықтарға негізделген әмбебап жүйе. Сондықтан, діни таным да зайырлы дүниетанымның бір бөлігі болып табылады.

– Дінтану білімінің мүмкіндіктері қандай?

– Зайырлы жүйеде діни білімге де, дінтануға да тыйым салынбайды. Керісінше, еліміздің заңнамаларында діни және дінтану білімін берудің өзіндік мүмкіндіктері қарастырылған.

Әңгімемізді мектеп қабырғасынан бастап өрбітсек. Білім жүйесінің зайырлы сипатына сәйкес орта мектепте діни білім емес, дінтану білімі беріледі. Ал діни білімді мектеп оқушысы өз қалауына сәйкес және ата-анасының келісімі бойынша діни бірлестіктер жанындағы сауат ашу курстарынан ала алады.

Дін – ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі болғандықтан, ел азаматтарының дін туралы түсінігінің дұрыс қалыптасуы орта мектептен басталуы тиіс. Сондықтан, бірінші кезекте дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қатысты мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы, қоғам өміріндегі орны туралы дінтану ақпараттары орта мектептен бастап, білім беру мекемелеріндегі “Тарих”, “Алаштану”, “Адам. Қоғам. Құқық”, “Этносаралық келісімнің даму тарихы” секілді қоғамдық пәндер аясында оқытылып келеді.

2009 жылдан бастап, бұл пән 9-сыныпта оқытылатын міндетті факультатив ретінде бекітілді. Осы пән аясында оқушыларға діндер тарихы мен тәжірибесі, дәстүрлі діндер мен жаңа діни қозғалыстар, Қазақстандағы негізгі діндер, олардың қасиетті кітаптары және діни мейрамдары туралы мол мәліметтер берілуде. Сонымен қатар, Ислам дінінің қазақ жеріне таралуы, ұлт ғұламаларының рухани-діни мұрасы, туған топырағымыздағы исламдық мәдениет туындылары, Қазақстан мұсылмандарының діни танымындағы ханафи мазхабының орны секілді рухани тарихымызбен тамырлас өзекті дінтану мәселелері де ғылыми тұрғыдан оқытылады.

– Орта мектептерге аталмыш “Дінтану негіздері” пәні енгізілгелі бері де біршама уақыт өтіпті. Қандай өзгерістер күтілуде?

– Бұл бағыт назардан тыс қалып отырған жоқ. Қазіргі таңда Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталмыш пәнді заман талабына сай жетілдіру мақсатында кешенді шаралар атқарылуда. Пәннің қоғамтанулық мазмұнын күшейте отырып, білім алушыларға зайырлы мемлекет қағидаттары мен қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын таныту мақсатында “Дінтану негіздері” пәнінің атын “Зайырлылық және дінтану негіздері” деп өзгертуге шешім қабылданды. Жаңа бағдарлама жасалып, мазмұнына өзекті толықтырулар енгізілді, бұл бағдарлама Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығымен бекітілді.

Қазір авторлық ұжымдар тарапынан аталмыш пәннің оқулықтан, хрестоматия мен мұғалімге арналған құралдан тұратын оқу-әдістемелік кешеніне дінтану сараптамасы жүргізіліп, қайта толықтыруға жолданды.

“Зайырлылық және дінтану негіздері” пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатындағы білім жетілдіру курсының жүйелі, толыққанды бағдарламасын жасау және жүзеге асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастар” атты арнайы көлемді әдістемелік құрал қазақ және орыс тілдерінде жасақталып, электрондық нұсқасы барлық өңірлерге жіберілді. Бұл жинақ қазіргі “Дінтану негіздері” пәнінің де, болашақ “Зайырлылық және дінтану негіздері” пәнінің де бағдарламасын толық қамтуымен ерекшеленеді.

Сонымен қатар, жалпыға бірдей білім беретін орта мектептерді білікті маманмен толық қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарында “Тарихшы-дінтанушы” мамандығы бойынша педагог кадрлар даярлау мүмкіндіктері қарастырылуда.

– Ал дінтану білімінің жоғары оқу орындарындағы жай-күйі қандай?

– “Дінтану” пәні таңдамалы курс ретінде еліміздің жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген. Білім алушылар өздерінің қызығушылықтары мен таңдауларына сәйкес осы пән арқылы дін туралы білімдерін кеңейте алады.

Ал еліміздің 6 жоғары оқу орнының арнайы кафедраларында діндер тарихы мен теориясын, мемлекеттік-діни қатынастарды, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелерін зерттеп-зерделейтін дінтанушы мамандар даярланады. Атап айтсақ, олар: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің “Дінтану” кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің “Философия ғылымдары және дінтану” кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің “Философия және мәдениет теориясы” кафедрасы, “Нұр-Мүбарак” Мысыр ислам мәдениеті университетінің “Дінтану” кафедрасы, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің “Дінтану және теология” кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің “Дінтану” кафедрасы.

Қарағанды мемлекеттік университетінен өзге аталған оқу орындарында дінтану мамандығы бойынша магистратура ашылған. Қазақ Ұлттық университеті мен “Нұр-Мүбарак” университеті дінтану мамандығы бойынша PhD докторларын даярлайды.

Білім және ғылым министрлігі тарапынан “Дінтану” мамандығына бөлінетін грант саны жыл сайын ұлғайтылуда. 2012-2013 оқу жылында оның көлемі – 65, 2013-2014 жылдары – 77 болса, 2014-2015-те 88-ге көбейтілді. Жекелеген оқу орындары өз гранттары арқылы дінтанушылардың белгілі бір бөлігінің ақысыз білім алуын қамтамасыз етуде.

– Ал осы діни және дінтану білімін қатар алып шығатын мүмкіндіктер бізде қарастырылған ба?

– Білім жөніндегі ресми құжаттарда аражігі ажыратылып көрсетілгенімен, біздегі “Нұр-Мүбарак” университетінде оқытылатын “Исламтану” мамандығы мен Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқытатын “Теология” мамандығы дінді діни тұрғыдан да, ғылыми жағынан да зерттеп-зерделеп оқуға мүмкіндік беретін бейіндік бағыттар болып табылады. Аталған мамандықтардың арнаулы стандарттары бекітілген, кәсіптік бағдарламалары қалыптасқан, оларға мемлекет тарапынан тиісті деңгейде грант бөлінген.

“Исламтану” мамандығының дербес қалыптасуын, осы мамандық бойынша бакалавриатпен қатар магистратура және докторантура бөлімдерінің ашылуын Қазақстандағы діни және дінтанулық білімнің өзіндік жетістігі деуге болады.

Атап айту қажет, кезінде атеистік саясатты ұстанған КСРО-дан кейінгі кеңістікте діни және дінтанулық білімді мемлекет тарапынан құқықтық тұрғыдан реттеу, білім беру тұрғысынан жүйелеу, қызметіне мүмкіндік туғызу және қадағалау жағынан Қазақстан өзге елдерден оқ бойы озық тұр.

– Осы орайда шетелдермен байланыстар жөнінде бірер сөз қоссаңыз. Бұл жағынан да ілгерілеулер бар болар?

– Әрине. Елімізде діни және дінтанушылық бағыттағы шетелдік жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасу, бірлесе мамандар даярлау тетіктері біршама уақыттан бері қалыптасқан. Дінтану, исламтану және теология кафедралары бар жоғары оқу орындарына алдыңғы қатарлы шетелдік университеттердің білікті мамандары арнайы бағдарламалар бойынша дәріс оқуға тұрақты түрде шақырылып отырады.

“Нұр-Мүбарак” университетінің деңгейін халықаралық стандарттарға сай дәрежеге көтеру мақсатында мұсылман елдеріндегі ең ежелгі және алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі – Мысырдағы “әл-Азхар” университетімен тығыз байланыс орнатылған. Біздің университет студенттері 3-курста “әл-Азхар” университетінде 6 айлық оқу курсынан өтеді. “Нұр-Мүбарак” университетінде “әл-Азхардың” жоғары білікті 14 оқытушысы дәріс береді. Университет Малайзия ислам университетімен тәжірибе алмасу бағытында ынтымақтастық орнатуда. Өткен жылы қол жеткізілген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Мысыр Пәтуа беру орталығымен және “әл-Азхар” университеті арасындағы келісімдерге сәйкес жоғары білімді исламтанушылардың Мысырда бірнеше бағытта білімін жетілдіруіне жол ашылып отыр.

Исламдық орта оқу орны болып табылатын медреселердің таңдаулы түлектерін Түркия Республикасындағы атақты “Хасеки” институтына оқуға жіберу дәстүрге айналды. Мәскеу ислам университетімен, Қазан қаласындағы Ресей ислам университетімен және Өзбекстандағы ислам оқу орындарымен де бірлесе мамандар даярлау бағытында келісімдер жасалуда.

2013 жылдан бастап “Болашақ” халықаралық бағдарламасы аясында дінтану және теология мамандықтарына грант бөліне бастады.

– Демек, осы айтылғандардың негізінде “зайырлылық қағидаттары рухани дамуға септеседі” деп тұжырымдасақ, артық айтқанымыз емес қой?

– Септесіп қана қоймайды, тікелей кепілдік те береді. Өйткені, зайырлылық – руханиятсыз, ал руханият дінсіз болмайды.

Зайырлы мемлекеттегі діни және дінтану білімінің жүйесі біріншіден, мемлекеттік саясаттың жалпы қағидаттарына, екіншіден, қоғам сұранысына, үшіншіден, заманауи бағдарлар мен білім жүйесінің даму болашағын ескере отырып жасалатын талдауларға сүйенеді. Соның негізінде қоғам өмірін құқықтық тұрғыдан реттей отырып, оның дүниетанымдық көзқарастарын ғылыми жағынан байытады, рухани-мәдени құндылықтарының сақталуы мен дамуына жағдай жасайды. Сондықтан, зайырлы білім жүйесі – мемлекеттің рухани дамуының кепілі деуге толық негіз бар.

– Орта мектептерде ішінара бой көрсетіп отырған діни себептермен сабаққа қатыспау немесе мектеп формасын сақтамау секілді іс-әрекеттер қаншалықты заңды?

– Конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып құрастырылған “Білім туралы” Заңының білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау (оның ішінде мектепте бірыңғай киім үлгісін кию, сабаққа қатысу тәртібі де бар) туралы талаптары азаматтардың ар-ұждан және діни сенім бостандықтарын бұзбайды, керісінше, олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын міндеттейді. Яғни, дәл сол бостандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегі де айқын көрсетілгенін түсіну керек.

Сонымен қатар, ата-аналар Қазақстан Республикасының “Неке және отбасы туралы” кодексінің 70-бабына сәйкес баланың міндетті орта білім алуын қамтамасыз етуге борышты екенін және “Білім туралы” Заңның 49-бабының нормалары бойынша білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті екендіктерін ұмытпауға тиіс. Қорыта айтқанда, заң қағидалары азаматтарға ар-ұждан және діни сенім бостандығын берумен қатар, мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте ұстаған абзал. Қарапайым құқықтық сауаттылықтың шарты осындай.

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp