«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНАУИ БІЛІМ ОРДАСЫ

Білім күні қарсаңында облыс орталығындағы «Береке» шағынауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ошағының салтанатты ашылу рәсіміне өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Заманауи білім ордасы – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған өңірдегі екінші нысан. 600 орынға шақталған мектеп қазірдің өзінде 700-ден астам оқушыны қабылдап үлгерген. Өңір басшысы балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, еліміздің жарқын болашағы үшін сапалы білім алудың маңызды екенін атап өтті.

– Балалар – мемлекетіміздің ертеңі. Жеткіншектер кең әрі жайлы, заманауи жиһаздармен жабдықталған мектепте білім алуы тиіс. Бұл – еліміздің қарқынды дамуына жол ашатын маңызды қа­дам. Ұстаздар қауымы мен ата-аналар, бәріміз бірлесе отырып, өскелең ұрпаққа жарқын болашақ сыйлайық, – деді облыс әкімі.

Жаңа мектеп заманауи құрал-жабдықтармен, ыңғайлы жиһаз­дармен, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография сыныптары, коворкинг аймақтары және спорт залдарымен жарақтандырылған.

– Жоба құны – 4,9 млрд. теңге. Мектепте 80-нен астам мұғалім қызмет етеді. Олардың барлығы – арнайы іріктеуден өткен тәжі­рибелі әрі білікті мамандар, – деді №29 жалпы білім беретін мектептің директоры Сәуле Тұрсынова.

Салтанатты шарада мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің жүзінен қуаныш байқалды.

– Ата-анамның мені жаңа мектепке бергеніне қуанамын. Жаз бойы кітап оқып, сабаққа әзірлендім. Бүгін сыныптастарыммен та­нысып, кейбірімен достасып үлгердім. Сабақты тек бес деген бағаға оқығым келеді, – деді бірінші сынып оқушысы Айым Темірхан.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp