Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізудің негізгі тұжырымы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асырудың “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын ұсынды. Атылмыш стратегиялық бағдарламаның кіріспесінде: “Бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары” деп айқындады. Оның мақсаты ретінде “Аурулардың сыртқы белгілерін” сылап-сипап қою емес, оларды “жүйелі емдеу” болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды” делінген. Бүгіндері денсаулық сақтау саласы осы бағытта жұмыс істеуде. Сала мамандарының міндеті қазіргі заманғы және тиімділігі жоғары денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру болып табылады.
Кезектен тыс Президент сайлауы өткен соң Елбасын ұлықтау рәсіміне қатысқан солтүстікқазақстандықтың бірі болдым. Сол себепті де мемлекет басшысының бізге жүктеп отырған міндетін орындаудың қаншалықты маңызды екендігін жақсы білемін.
Құжаттың 80-82-ші қадамдарында денсаулық сақтау саласының алдағы уақытта даму бағдары көрсетілген. Онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы айтылып, мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту қажеттілігі көтерілді. “Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықпен қаржыландыру. Бастапқы көмек аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналады”, деп атап көрсетілді.
Еліміздегі қалыптасқан медицина саласын өткен жылдармен салыстыруға мүлдем келмейді. Айырмашылығы жер мен көктей. Осыдан 6 жыл бұрын ашылған облыстық кардиологиялық орталықтың мысалынан-ақ еліміздегі медицина саласының қарыштап дами түскенін көруге болады.
Жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан уақыт әркімнің есінде болар. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Орта мектепті тамамдаған соң Астанадағы мемлекеттік медициналық академияға 1995 жылы түсіп, оны 2002 жылы аяқтап шықтым. Медицина мамандарына тапшылық қазіргідей емес, өткір сезілді. Әсіресе, өңірлердің шалғай аудандарында қызмет етуге талпынатын жастардың қатары аз болатын. Кіндік қаным тамған жер Оңтүстік Қазақстан болсадағы, еш ойланбастан Қызылжар өңіріне келдім. Еңбек жолымды Аққайың аудандық ауруханасынан бастадым. Облыстық кардиологиялық орталық ашылған соң мені жұмысқа қабылдады. Отбасыма екі бөлмелі пәтер бергенде қуанышымда шек болмады. Жас мамандарды мемлекет тарапынан қолдау олардың жемісті қызмет етуіне жол ашатыны құпия емес. Бүгінгі күні зайыбым екеуіміз үш бала тәрбиелеп отырмыз.
№2 қалалық емхананың жанындағы төртқабатты ауруханада кардиологиялық орталықтың негізі қаланды. Өлім-жітімді тудыратын әлеуметтік дерттердің ішінде көш бастап тұрған жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында ашылған орталық бүгінгі күні заманауи құрылғылармен жабдықталып қана қоймай, білікті кадрлармен де толықтырылып келеді. “Кадрлар барлығын шешеді” деген көпке белгілі сөз бар. Шынында да, кадрларды сырттан шақырғанша, өзіңде тәрбиелеген жақсы. Бүгінгі күні кардиологиялық орталықта кәсіпқойлар командасының құрылғаны анық. Мәселен, өзім меңгеретін рентгенэндоваскулярлық хирургия және сәулелік диагностика бөлімшесінде 11 дәрігер қызмет етеді. Оның 5-еуі хирург дәрігер болса, 1-еуі – рентгенолог, 2 дәрігер – функционалдық диагностиканың маманы. Соншама дәрігер ультрадыбыстық диагностиканы меңгерген. Бұған қоса, бөлімшемізде аннестезиолог-реаниматолог дәрігер қызмет етеді. Бұл бөлімше 2011 жылы ашылды. Оның құрамына ангиографиялық, рентген, ультрадыбыстық диагностика, функционалдық диагностика, ФГДС кабинеттерi кiредi. Дәрігерлердің үшеуі жоғары білікті. Қалғандары – бірінші, екінші санатты мамандар.
Біздің бөлімшемізді орталықтың “Жедел жәрдемі” деп айтуға да болады. Аптаның 7 күнінде 24 сағат бойы үздіксіз істейді. Жүрек-қан тамырлары аяқастынан пайда болғанда науқастардың өмірін бөлімшемізде жасалатын жоғары мамандандырылған оталар ғана сақтап қалуы мүмкін. Инфаркт, инсульт сынды дерттерді емдеп, оларды ауыр жағдайға жеткізбеудің амалдарын қарастырамыз. Бөлімшемізде интервенциялық кардиологтар жүрекке қан жеткізетін қан тамырларын стентирлеумен ғана шектелмейді.
2011 жылдың соңынан бастап күрделі жүрек ырғағының бұзылуымен ауыратын науқастарға кардиостимуляторлар қоя бастадық. Қазір ауруханада транскатерлік химио-эмболизациялау, онкологиялық науқастардағы қоректендіру артерияларының ісігін эмболизациялау тәжірибеге енгізіліп отыр, олар онкологиялық науқастардың өмірін ұзартып қана қоймай, сондай-ақ, өмір сүру сапасын да жақсартады. Қатерлі ісік – резистенттік артериялық гипертония кезінде жасалатын бүйрек артерияларының абляциясы да өзінің елеулі нәтижелерін беруде, онда артериялық қан қысымының деңгейі тұрақты төмендейді. Гепотензивтік дәрі-дәрмектің қабылдау саны мен мөлшері азаяды. Диагностиканың сапасын жақсарту үшін фракциялық коронарлық қан ағысын өлшеу де тәжірибемізге енді. Мұның барлығы – үнемі ізденудің, шетелдік және отандық әріптестерімізбен тәжірибе алмасудың нәтижесі. Соңғы екі жылдың ішінде ғана орталық негізінде әртүрлі тақырыпта 6 шеберлік сыныбы өтті. Соңғысы жуырда ғана болды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі кардиологиялық орталықтардың дәрігерлері жиналып, бүгінгі күнгі медицинаның алған бағытын айқындады. Көшпелі кеңесте елімізде интервенциялық кардиологтардың жеткен жетістіктері мен болашақтағы жоспарлары талқыланды. Оған еліміздің дәрігерлерімен қатар, Ресей мен Австриядан келген медицина саласының мамандары қатысты. Австриядан сала маманы Нихад Авдагич келді. Ол – Қазақстандағы “Abbott Vasculav” компаниясының өкілі. Шетелдік дәрігер осыдан 10 жыл бұрын Астана қаласында интервенциялық хирургия ісін бастаған болатын. Әріптесім: “Осы аралықта елдегі кардиохирургтердің жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлық деңгейде. Оларға жасалған жағдай мен жалпы медицинаға мемлекеттен бөлінетін қолдауға қызыға қарауға болады”, – деп айтты. Оның сөзінің жаны бар. Себебі, Елбасы тарапынан еліміздегі медицина саласына көптеген қаржы құйылуда. Шетелден небір заманауи технологияларды айтпағанда, мамандарымызға әлемнің озық клиникаларында тәжірибеден өтіп, білімдерін шыңдауға жағдай жасалып отыр. Айталық Италияның интервенциялық кардиологтарының қауымдастығы 2014 жылдың қыркүйек айында Венецияда TOBI халықаралық конгресін өткізді. Оған еліміздің атынан бөлімшеміздің рентген-хирург дәрігері Дмитрий Тё қатысып келді. Әріптесім “Жіті коронарлық белгісі кезінде бифуркациялық коронарлық артерияның қорғалмаған сол жақ бағанасына тері арқылы шұғыл коронарлық араласулар. Бұл біздің клиникалық жағдай” тақырыбының алғашқы таныстыруын өткізді. Бұған қоса, интервенциялық хирург дәрiгерлер бiрнеше рет шетел кардиохирургтарының қатысуымен Астана қаласында болған шеберлiк ретінде өткен оталарға қатысты. Сингапур, Франция, Германия, Швейцария, Жапония, Литва, Италия, Оңтүстік Корея, Израиль елдерінде де білімдерін шыңдады. Осындай тәжірибе алмасудың нәтижесінде бөлімшемізде еліміздің Астана қаласында ғана жасалатын оталардың түрі енгізіле бастады. Сонымен қатар, өзге оталардың тәсілдері қазіргі заманның талабына қарай түрлене түсті.
Әріптестеріммен қоян-қолтық жұмыс істеп, бүгінгі күні жүздеген науқастың жүрегіне ота жасап, олардың ғұмырын ұзартып келеміз. Дана халқымыздың “Алтын алма, алғыс ал!” деген аталы сөзі бар. Мен үшін де адамдардың алғысын естуден басқа асқан бақыт жоқ.
Мақсат ҚҰДІРЕТУЛЛАЕВ,
облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
