Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары Австрияның “Пёттингер” фирмасының қызметкерлерімен бірлесіп, “TERRASEM C9 FERTILIZER” заманауи егістік кешенін жасап шығарды. Осы орайда Аққайың ауданының Шағалалы ауылындағы “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-нің егіс алқабында оның таныстырылымы өтті.
– Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі өткен еді. Шара барысында австриялық “Пёттингер” фирмасының өкілдері солтүстік өңірдің топырағы құнарлы екенін білді. Осылайша біздің университет австриялық мамандармен тығыз байланыс орнатты. Біздің ғалымдардың ұсыныстары ескеріліп, “TERRASEM C9 FERTILIZER” егістік кешені жасалды. Жобаның құны – 160 мың еуро, – дейді Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, жоғары оқу орнындағы “Аграрлық техника және технологиялар” кафедрасының профессоры Мүбарак Адуов.
Кешеннің көмегімен егістік алқаптарына тұқым себу, тыңайтқыш салу, жырту, тегістеу және тырмалау жұмыстарын атқаруға болады. Экономикалық тұрғыдан қарағанда мұның тиімділігі жоғары. Себебі, ауыл шаруашылығы саласына арналған техника түрлерімен салыстырғанда осы кешен жанар-жағармайды, минералды тыңайтқыштарды үнемдейді.
Бүгінгі таңда жаңашыл технологиялар көптеген салаларда кеңінен қолданылып келеді. Осы орайда заманауи техника тұқымдарды және тыңайтқыштарды бір мезгілде себу үшін электронды басқару блогымен жабдықталған. Оның көмегімен басқарушы механик тұқымның ену тереңдігін, тыңайтқыштың мөлшерін, топырақтың деңгейін толықтай бақылай алады.