«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНАУИ КӘСІПОРЫН 96 адамды жұмыспен қамтамасыз етті

Биылғы егін орағымен қатарласа іске қосылған “ТНС-Экспорт” астық қабылдау элеваторының ашылу салтанаты онда еңбек орнын тапқан 96 жұмысшы үшін ғана емес, облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін де жағымды жаңалық болды. Бұл – экономиканы әртараптандыруды жеделдету үдерісіндегі негізгі өлшемдер болып табылатын өнімділік, энергия тиімділігі және экспортқа бағдарлану мақсаттарын қамтыған бірден-бір кәсіпорын. Оның технологиялық қондырғылары ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарының заманауи түрлерін өндіріп, жаһандық нарықты бағындырған америкалық “Скафко” компаниясынан алдырылған. Ал басқа құрылыс материалдары – отандық тауар өндірушілердің өнімдері. Ең бастысы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған 120 мың тонналық автоматтандырылған кешен технологиялық артықшылықтарымен өз саласы бойынша республика аумағында озық үлгідегі элеватор болып табылады. Аталмыш кәсіпорынның жұмысы қалай ұйымдастырылатынын өз көзімізбен көріп қайтқаннан кейін бұл ойымыз, тіпті, беки түсті.

Петропавл қаласының солтүстік-шығысында орналасқан жаңа нысанның тау шыңдарындай үшкір әрі аппақ целиндр тәріздес құрылғылары алыстан көз тартады. Кәсіпорынның аумағына кірген кезде, сапырылысып жатқан жұмысшылар да көрінбейді. Тіпті, астық қабылдау қосынында жүгін түсіріп жатқан көліктің айналасында әдеттегідей темір-терсектің үйкелісінен шығатын дыбыс та естілмейді. Еңбеккерлер жылы, таза жерде отырып, өз жұмыстарын атқарып жатқандарына әр ғимаратқа бас сұққан сайын көз жеткіздік. Компьютер арқылы басқарылатын элеватордың жұмысы екі жас оператордың қолында. Олар сенсорлы экранды саусақтың ұшымен ғана басып, әрі қарай автоматтандырылған жүйе астықты қабылдап, тазартып, кептіріп, сақтау қоймасына қарай жөнелтіліп жатқанын көрген кезде, техниканың жетістігіне еріксіз таңғаласың. Мұндағы екі адамның жұмысын ескі элеваторларда 10-15 адам жүріп, шаңның ортасында, желдің өтінде, жауыншашынның астында атқаратынын саланың қарт жұмысшылары ұмыта қоймағаны сөзсіз.  

– Ескі тәсіл ауыр еңбек болатын. Бүгінгі заманауи құрылғылар адам еңбегін әлдеқайда жеңілдетті. Мәселен, баяғыда біз қозғағыштарды салидолмен майлау үшін оның барлық тетіктерін босатып, ашып, содан соң ғана жұмысымызды істей алатынбыз. Ал мынаны қараңыз: бір кішкентай ғана түтік арқылы майды жіберіп, ісімізді тындырдық. Ғажап емес пе?! Құрылғылар шап-шағын, жеп-жеңіл. Бір адамның өзі көтере алады. Барлық контейнерге дуза орнатылған. Сол арқылы құрылғының ішінде тұрып қалған артық қоқысты қозғап жіберіп, жұмысымызды жалғастыра береміз. Бұл – болмашы ғана артықшылығы. Оларды айта берсең, жететін, – дейді кәсіпорын директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, осы салаға жарты ғұмырын арнап келе жатқан Владимир Авакян.

“ТНС-Экспорт” ЖШС астық қабылдау нысанын салу үшін оған кәсіпкер-құрылтайшы 8,7 миллиард теңге қаржысын құйған. Сондай-ақ, элеватордың аумағындағы инфрақұрылымға “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 21 миллион теңге қаржы бөлінген. Кешенді элеваторда электронды таразы, зертхана, қоймалар мен жүк тасымалын жасайтын авто және темір жол тораптары, гараж, еңбеккерлерге арналған қонақүй, асхана, ангар – барлығы соңғы технологиялық жаңалықтармен қамтылған. Элеватордың сыйымдылығы 120 мың тонна болса, ол науқан кезінде сағатына – 600 тонна, тәулігіне 10 мың тонна астықты қабылдауға шамасы жетеді. Ол бір жылда 1 миллион тонна астықты қабылдап, өңдеп, артып беруге қуатты. Астықты қабылдау мен тарату жұмысына темір жол торабының да тиімді жақтары пайдаланылады.

Элеватордың ең басты артықшылығы – дәнді дақылдармен қатар, майлы дақылдар да қабылдайтындығы. Төрт тармақты қабылдау нысанының әрқайсысы бір уақытта 85 тоннадан астық қабылдай алады. Яғни, дақылдардың түріне қарай кезек күту деген мәселе мүлдем жоқ. Элеватордың жұмысы толықтай жабық құрал-жабдықтар арқылы жүргізілетіндіктен, адам өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбейді. Автоматтандырылған құрылғылар астықты қажетті ылғалдылықта ұстап, оларды ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік береді. Цилиндр тектес қоймалардың ішіндегі температураның сәл өзгерісін компьютер бірден анықтап, желдеткіштер автоматты түрде іске қосылады. Астықты қабылдау мен тарату жұмысына темір жол торабының да тиімді жақтары пайдаланылады. Қала сыртындағы кешен темір жолдарға қосылып, ертеңгі күні астықты басқа өңірлер мен шетелдерге оңай жіберу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, мұнда энергия тиімділігі мен үнемділігін арттырудың жолдары оңтайландырылған. Байқап отырғанымыздай, жұмысқа тиімді болатын жайлардың барлығы ескерілген.

Кәсіпорынның энергияны үнемдеу бағытындағы жоспарлы әрекеті көз қызықтырады. Біріншіден, элеватор аумағындағы қосалқы ғимараттарға күн сәулесі батареялары орнатылған. Екіншіден, элеватордың астық кептіргіш құралдары газбен жұмыс істейді. Үшіншіден, энергия үнемділігін арттыратын жаңа құрылғылар да осы жерден табылады. Осы қадамының дұрыстығына көз жеткізбек болған “Әліби Агро” ЖШС-і жақында өзіне тиесілі үш элеватордың электр энергиясын пайдалану деңгейін тексеріп, мониторинг жасаған. Нәтижесінде, біз сөз етіп отырған жаңа нысан басқа екеуіне қарағанда энергияны 3-4 есе аз тұтынуымен сенімді ақтап шыққан. Энергия үнемділігі элеватордың көрсететін қызметтерінің өзіндік құнын түсірері сөзсіз. Мұндағы қозғағыштар мен тасымалдағыштар өзінің пайдалы ықпал коэффициентін түсірместен, энергияны үнемдейтін етіп құрастырылған. Автоматтандырылған жүйенің әр тетігі ойластырылып жасалғандығы соншалық – мұнда артық жұмыс жоқ. Мәселен, тазартылған астық қоймаға жөнелтілген кезде, тасымалдағыштардың керек бөлігі ғана жұмыс істейді. Бұл жағдай ескі элеваторда болса, бір тетігін қоссаң, оның керексіз бөліктері де энергия тұтынып, қозғалыста тұрар еді. Кәсіпорынның газға көшуінің өзіндік себебі бар. Бүгінде жанар-жағармайдың бағасы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай өсіп, тапшылықтың ауылы алыс емес екендігінен хабар бере бастағанда бұл қадамның тиімді болар күні алда сияқты. Кәсіпорын әкімшілігі жұмыстың алғашқы күнінен-ақ газдың электр желісіне қарағанда екі есе кем тұтынылатынына көз жеткізген. Сондықтан кәсіпорын басшысы болашақта элеватордың барлық жұмысын газға ауыстырмақ ойын да жасырмады.

– Кешен заманауи болғандықтан, қызмет сапасы да жақсарады. Мен ескі элеваторда да қызмет атқардым. Жалпы астық жинау науқаны 1-1,5 айға ғана созылады. Осы кезде ауа райы бүлініп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үлгермей жататыны – жылда қайталанатын көрініс. Сондай кезде элеваторларда ұзын сонар кезек түзіледі. Ал біздің жаңа технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорында мұндайға жол берілмейді. Сондықтан мен Қазақстанда мұндай қуатты әрі мүмкіншілігі зор элеватор жоқ деп сендіре аламын, – деді әңгіме барысында кәсіпорынның бас директоры Қуат Қасен.

Шындығында, өңіріміздің агрокәсіпкерлері рекордтық өнім өсірілген 2009 жылы үлкен қиыншылық көрді. Қысқа жіптің күрмеуі келмейтін сияқты элеваторлар мен кептіргіштердің, қоймалардың тапшылығы да оған себеп болып, астықтың бір бөлігі ашық аспан астында жиналмай қалды. Одан бергі бес жыл ішінде өңірімізде біраз астық қабылдайтын қосындар ашылған. Ал “ТНС-Экспорт” сияқты заманауи элеватордың бой көтеруі ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен қолғабыс болары сөзсіз.

Соңғы жылдары майлы дақылдарға деген сұраныстың өсуі, оның сыртқы нарықтағы бағасының тиімділігі ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің назарында. Егіс алқабының бір миллион гектары осы өнімдерді өсіруге бағытталған. Әрине, бұл шекті деңгей емес, алдағы жылдары майлы дақылдарға арналған егістік аумағы көбейе түсері сөзсіз. Бүгінгі таңда Қазақстанның бұл өнімдерін шетелдіктер шикізат күйінде арзан бағаға әкетіп жатқандығы ел экономикасына тиімсіз екенін білеміз. Бұл көрініс майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың тапшылығынан туындап отыр. Аталмыш кәсіпорын бүгінде майлы дақылдарды қабылдайтын, тазартатын, сақтайтын жүйе қалыптастырса, келер жылдан бастап жылдық өнімділігі 500 мың тонналық май өңдейтін зауыт салмақ. Бұл жоспар да үдемелі индус­трия­­лық-инновациялық да­му бағдарламасы бойынша жү­зе­ге асырылады. Қазірдің өзінде кәсіпорынға бидайдан гөрі майлы дақылдарға көрсетілетін қызметтерге сұраныс жоғары.

– Биылғы жауын-шашын дәнді дақылдардың ылғалын молайтып жіберді. Астық 25 пайыз ылғалдылықпен жеткізілсе, майлы дақылдарда одан да көп. Сондықтан биыл жаңа зауыт кептіргіштері үлкен қуаттылықпен жұмыс атқаруда, – дейді Қуат Қасен.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp