«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНАУИ МЕГАФЕРМА САЛЫНУДА

Облыс әкімі Ғауез Нұрмағамбетов Қызылжар ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жобалармен танысты.

Өңір басшысы сүтті мал шаруашылығы кешендерінің құрылысын, заманауи суару технологияларын енгізу барысын көріп, жергілікті диқандармен егіс науқанына қатысты пікір алмасты. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, тұрғындар үшін жасалып жатқан жағдайларға қанық болды.

Өңірде 8 мың басқа арналған заманауи мегаферманың құрылысы басталды. Ауқымды жобаны «Зенченко және К» командиттік серіктестігі жүзеге асырып жатыр. 9 млрд.теңгеге бағаланған бұл инвестициялық жоба іске қосылған соң еліміз бен Орталық Азиядағы ең ірі сүт кешеніне айналмақ. Жыл сайын 26 мың тонна сүт өндіру жоспарланып отыр.

Бүгінде облыста сүтті мал шаруашылығы ерекше қарқынмен дамып келеді. 2023 жылы 17 сүт кешені іске қосылса, биыл тағы 11 жаңа ферма салынбақ.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы Новоникольское ауылында Геннадий Зенченконың қолдауымен салынған көпфункционалды балалар ойын және спорт алаңын аралады. Бұл нысан ауыл балалары бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беруде.

Өңір басшысына «Сервис Жарс» ЖШС-ның жаңбырлатып суару жүйесімен жабдықталған жоңышқа алқабындағы жұмыс барысы таныстырылды. Аталған шаруашылық болашақта жоңышқа өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр.

Облыс әкімі аудан диқандарымен кездесіп, көктемгі егіс науқанының барысы және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуде цифрлық технологиялар мен ресурс үнемдеу, кадр даярлығы сияқты тақырыптар көтерілді.

Өңір үшін тағы бір маңызды жоба – «Жезқазған–Петропавл» республикалық автожолының жөнделіп жатқаны. Бұл көлік дәлізі облыс пен елдің басқа өңірлері арасындағы экономикалық және әлеуметтік байланысты нығайтуда шешуші рөл атқарады. Соңғы екі жылда 135 шақырым жол жөнделсе, биылғы жоспар – 215 километр. Жыл соңына дейін Покровка-Бескөл және Сергеевкадан Ақмола облысының шекарасына дейінгі аралықтағы жұмыстар толық аяқталмақ.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp