«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНАУИ ОРТАЛЫҚ

Орталықтың жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов электронды деректерді өңдеуге арналған мекеменің болуы заман талабы екенін атап көрсетті. Ғимарат кондиционерлеу, автоматты газды өрт сөндіру, күзет-өрт дабылы, бейнебақылау және басқару жүйесімен жабдықталған.

– Орталық барлық халықаралық сапа стандарттарына және қауіпсіздіктің 4 деңгейінің 2-ші деңгейіне сәйкес келеді. Осы тұрғыдан орталық тәулігіне – 24 сағат, аптасына – 7, жылына 365 күн жұмыс атқарады. Оның бағдарламалық-ақпараттық кешені 100 пайыз деңгейінде тұрақты жұмыс істеуін, жабдықтарға залал келтірілмеуін және мәліметтерді рұқсатсыз пайдалану мен иемденуден қорғалуын қамтамасыз етеді, – деді “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ облыстық ақпараттық технологиялар орталығының директоры Нариман Шахметов.

Бұл орталық мемлекеттік органдар үшін серверлік инфрақұрылымды ұстауда, сервистік сүйемелдеуге кететін қаржыны үнемдеуде пайдалы болмақ. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік мекеме кеңселеріндегі мыңдаған ақпарат пен құжаттар сақталатын серверлер, жұмыс кабинеттеріндегі жүйелік блоктар біртіндеп қолданыстан шығарылады. Жұмыс үстелінде монитор мен деректерді өңдеу орталығының желісіне қосылған шағын блок қана орналасады. Өңдеу орталығындағы ортақ серверден кез келген мемлекеттік мекеме қызметкеріне виртуалды жұмыс орны ашылады. Сервердегі ақпарат керек болғанда жүйелік блоктың орнын алмастырған шағын блокқа электронды тасымалдағышты қосып, қажет ақпаратты жүктеуге болады.

“Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” және “Ақпараттық Қазақстан – 2020” бағдарламаларының аясында қолға алынған бұл жоба “Электронды үкіметті” әрі қарай дамытудың инфрақұрылымы іспеттес.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp