«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНАУИ ОРТАЛЫҚ — ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ

Кеше Петропавл қаласында офтальмологиялық диагностикалық орталық ашылып, өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа медициналық кешеннің жұмысымен танысты.

– Басты мақсат – сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Енді тұрғындар басқа жаққа бармай-ақ, өзіміздің өңірде көзге ота жасау мүмкіндігіне ие болып отыр. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен емдеу орталығында бірқатар ота тегін жасалатын болады. Биыл қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін қаржы былтырғыға қарағанда үш есе көп бөлініп отыр. Алдағы уақытта жаңа томографтар сатып алу жоспарлануда, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов медицина саласын дамытудағы ілкімді істерге тоқталып, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап учаскелік дәрігерлердің жалақысы 20 пайызға көбейгенін тілге тиек етті. Облыс әкімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған орталықты аралап, заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттерде болды. Сондай-ақ, ем қабылдап жатқан науқастармен кездесіп, медицина қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Кездесуде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев инвестициялық жобаның жалпы құны 550,4 миллион теңгені құрағанын, көз аурулары бойынша өңірде шамамен 7 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұрғанын жеткізді. Олардың екі жарым мыңнан астамы жеткіншек.

Жаңа офтальмологиялық кешенде консультативтік-диагностикалық, стационарлық көмек тегін және ақылы түрде көрсетілетін болады. Мұндай орталықтың іске қосылуы өңірдегі емдеу мекемелерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретіндігін айтқан жөн.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp