
Полицияның кешенді күштерінің 2020 жылдың соңғы гарнизондық таратуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Өңір басшысы облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевпен бірге қызметтік автокөліктерді аралап, облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтауға кезекшілікке шығатын жеке құрамға сәттілік тіледі.
-Биылғы жыл бәріміз үшін оңайға соққан жоқ, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау кезінде өздерінің міндеттерін жауапкершілікпен атқарған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Коронавирустық инфекциямен күрес барысында полицейлер алдыңғы шепте болып, тәулік бойы қызмет атқарды , — деді Құмар Іргебайұлы.
Ішкі істер органдарында мінсіз қызмет атқарғаны, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және жеке үлгілі тәртібі үшін бірнеше полиция қызметкері марапатталды. Полицейлер облыс әкіміне Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында орналасқан модульдік үлгідегі стационарлық бекетті көрсетті. Шыныдан жасалған аралық қабырғасы, витражды терезесі бар бекетте патрульдік, ювеналдық полиция қызметкерлері мен учаскелік инспектор қызмет етеді.
-Жұмыстың сервистік моделіне көше отыра, біз құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттермен ғана шектелмейміз. Қолжетімділік, шұғыл, жедел әрекет ету көмек көрсетудің кез келген мәселелері бойынша халықпен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай заманауи алаңдар «халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша жұмыс істеудің іргетасы болып табылады, — деді облыс әкіміне ақпарат берген полиция ведомствосының басшысы.
Стационарлық бекеттердің іші мен сыртына тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Камералардағы бейнежазбаны Петропавл қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығы онлайн режімде көре алады. Модульдің техникалық жабдықталуы барлық заманауи талаптарға сай келеді. Бөлмеде компьютер, стационарлық телефон және дабыл кнопкасы орнатылған. Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкері мен учаскелік полиция инспекторының қолында бейнетіркегіштер, планшеттер болады. Мұнда кезекшілік ететін полиция қызметкерлеріне адамдар жиі көмекке жүгінеді. Бекеттер адамдар көп жүретін орталық саябақтың кіреберісіне және «Сити-молл» сауда үйінің маңында орналасқан.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бастығы.