Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметтік автокөліктері “Streamax” автомобильдік бейнетіркеу жүйесімен жабдықталды.
Бұл құрылғының тиімділігі зор, ол бір мезгілде төрт жақтан бейнетіркеу жүргізуге қауқарлы. Көліктің артқы және алдыңғы жағында әрі ішінде не болып жатқаны бейнежазбаға түсіре алады. Ал көліктің үстіне орнатылған негізгі камера 360 градусқа айналып төңіректегі жағдайды бақылайды. Облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары Дархан Наурызбаевтың айтуынша, таяуда тағы 14 патрульдік автокөлікті бейнетіркеу жүйесімен жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл жүйенің негізгі қызметі – қылмыстар мен құқық бұзушылықтар тіркеле қалса, бұлтартпас дәлелдер жинақтау, әрі полиция қызметкерлері тарапынан заңдылықтың сақталуын бақылау.
Полицияның кешенді күштерінің жалпыгарнизондық жиынында осы жаңашылдық енгізіліп қана қоймай, қызмет барысында көзге түскен қызметкерлер марапатталды. Қылмыстарды ізін суытпай ашқаны, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін полиция лейтенанттары Мұратхан Құсайынов, Саят Дүйсенбин және полиция кіші лейтенанты Руслан Ешкеевке Алғыс хаттар табыс етілді. Сондай-ақ, алты офицер әріптестерінің алдында ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін, арнайы шендерін алды.