«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНАУИ ФИТНЕС-ЗАЛ АШЫЛДЫ

Петропавл қаласындағы “Скиф” ғимаратында “Carat Reality” ЖШС-нің заманауи фитнес-залының ресми ашылу салтанаты өтті. Аталмыш шараға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында бой көтерген жоба жұмысына сәттілік тіледі.

Содан кейін облыс басшысы жаңа залды аралап, қала тұрғындарына ұсынылатын қызметтермен танысып шықты. Аумағы 2753 шаршы метрді алып жатқан кешенде тренажер залы, топтық бағдарламалармен шұғылдануға арналған зал, SPA-кешені, жүзу бассейні және т.б. бөлімдер бар. Мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаттығу залдарына аталмыш салада кеңінен танымал спорттық брендтердің кәсіби құрал-жабдықтары орнатылған. Серіктестіктің басшысы Олжас Мұхтарұлының айтуынша, өңірімізде баламасы жоқ заманауи спорт және саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығын жабдықтауға 128 миллион теңге жұмсалған.

– Жас кәсіпкер Олжас Игібаевтың бұл батыл қадамы өзгелерге үлгі боларлықтай. Мемлекет тарапынан қолдау тапқан бұл жобаның қоғамда саламатты өмір салтын ұстану мен спортпен шұғылдануды насихаттауда маңызы зор болмақ, – деді шара соңында облыс басшысы Ерік Хамзаұлы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp