Петропавл қаласында жыл бойы көкөніс сақтайтын қойма пайдалануға берілді. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, заманауи қойманың мүмкіндіктерімен танысты.
Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалап, табысқа кенеліп отырғандар бар. Енді ол қоймада сақталып, қажет уақытында сатылымға шығарылса, ұтпасақ, ұтылмаймыз. “Радуга” серіктестігінің директоры Дмитрий Шарапаевтың да ойы осы. Жергілікті диқандардың маңдай термен өсірген көкөністері күзде базарда табылғанымен, көктемде оңтүстіктен тасымалданатын өнімдерге жол береді. Шарықтап кеткен баға да тұрғындардың наразылығын тудырады. Серіктестік басшысының айтуынша, облыс орталығындағы төрт қойма ескірген және көкөніс сақтау талаптарына сай емес. Осыған орай көкөніс сақтау қоймасын салу бүгінгі күн талабынан туындап отыр.
Құрылыс жұмыстары бір жылға созылған. Нысан серіктестіктің қажетті инфрақұрылымдар тартылған жеке индустриалды аймағында орналасқан. “Б+” санатындағы бұл қоймаға екі мың тонна өнім сыяды. Соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған қойма өнімнің сапасын ұзақ мерзімге сақтайтындай ылғал беретін, жағымсыз иісті сорып алатын агрегаттармен жарақталған. Құрылысына 607 млн. теңге бағытталған қойманың жалпы аумағы 3017 шаршы метрді құрайды.
Қойманың меңгерушісі Владимир Михайлянның айтуынша, бұл – өңірдегі көкөністерді бөліп сақтауға арналған алғашқы заманауи ғимарат. Нысандағы чехиялық тоңазытқыштар түгел автоматтандырылған. Соңғы үлгідегі желдету және суыту жүйелерімен қамтамасыз етілген қойма көкөніс өнімдерін ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. Тоңазытқыш жабдықтарының 5 камерасында тұрақтандыру қорының 800 тонна картобы, пияз, сәбіз және қырыққабаты сақтаулы. Алдағы уақытта көкөніс өнімдерін консервілеу цехын ашу жоспарлануда.
Жаңа қойманы аралаған Құмар Ақсақалов нысанның облыс үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап айтты.
– Үстіміздегі жылы картоп пен көкөніс бітік шықты. Жарты миллион тоннаға жуық картоп жиналды. 110 мың тонна көкөніс алынды. Ендігі мақсат – осы өнімдерді жыл бойы сақтап, қаланың сауда орындарында сату. Міне, енді барлық талаптарға жауап беретін көкөніс қоймасы ашылды. Өзіміздің өнімімізді наурыз айына дейін ғана емес, жыл бойы сақтауға болады. Сөйтіп, көкөніс қаладағы сауда нүктелеріне үзбей жеткізіліп тұрады. Нәтижесінде қыс және көктем мезгілінде көкөніс бағасының негізсіз өсуіне жол берілмейді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жергілікті тауар өндірушілермен келісімшарт жасап, олардың өнімін облыс тұрғындарына жеткізу диқандарды ынталандырып, еңбекке құлшынысын арттырады деп күтілуде.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.