«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНМЕН БІРГЕ ТҮЛЕГЕН ЗАУЫТ

Тарихы сонау 1928 жылдан басталатын «С.М. Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамы Мәскеуде құрылып, 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Петропавл қаласына көшірілген. 1942 жылы алғашқы өнімдерін майданға ат­тандырады. Зауыт кеңес әскерін түрлі радиоқұрылғылармен қамтамасыз етіп отырды. Бүгінде өндіріс орны заман тала­бына сәйкес бейімделіп, арнайы байланыс құралдарын, цифрлық теледидарларды, темір жол автоматикасын, телемехани­ка мен қауіпсіздік жүйелерін шығарумен айналысуда. Зауыт директорымен болған әңгімеміз кәсіпорынның қазіргі тыныс- тіршілігі тақырыбында өрбіді.

– Алмас Мұсайұлы, Сіз С.М.Киров атындағы зауытты 2023 жылдың наурызынан бері басқарып келесіз. Бұл қызметке кіріскенде алдыңызға алдымен қандай міндеттер қойдыңыз?

– С.М.Киров атындағы зауыт – елдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі. Былтыр зауыттың 96 жылдығын атап өттік. Кәсіпорын тарихы 1928 жылы шағын шеберханадан бас­талған. Соғыс жылдары зауыт майдандағыларға керек радио­қондырғылар жөнелтіп отырған. Жеңістен кейін мұнда көпшілік қолданысқа арналған радиоқа­былдағыш құрылғылар құрасты­рыла бастады. 1960 жылдары «Волна» радиоқабылдағышы мен «Земля-2» геодезиялық құ­рылғысы халықаралық көрме­лерге шығарылып, мамандар та­рапынан жоғары бағаланды. Кейін магнитолалар өндірісі жолға қойылды. Күні кеше жұртшылықтың сұранысына ие болған «OTAU TV» қондырғы­лары да осында шығарылғанын айта кеткен жөн.

2018-2020 жылдары мемле­кеттік қолдау аясында жаңа өндірістер ашылып, көпқабатты баспа палаталары мен SMD- монтаж жасауға қажетті құрыл­ғылар алынды. Бұл электронды өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік берді. Бүгінде Орта Азияда бала­масы жоқ 16 қабатты баспа пала­талары бәріміздің мақтанышы­мызға айналды.

Біздің ұстанған саясатымыз­дың басты бағыты – кәсіби ма­мандардың ұйымшыл ұжымын құру. Ол үшін біз зауытқа білікті кадрларды тартып, штат құра­мын жаңарттық. 2024 жылы зауытқа жаңа тапсырыстар түсе бастады. Бұрынғы әріптес­терімізбен байланысты жандан­дырып, келісімшарттар жасас­тық. Ендігі міндет – зауыттың ұзақ уақыт жұмыс істеуін қамта­масыз етіп, жұмысшыларға қо­лайлы жағдай жасау.

– Зауыт мамандары бұрынғы өндірісті қайта жандандырып, жаңа өнімдер шығаруды жолға қоя алды ма?

– Иә, біз шығарылатын өнім түрін едәуір арттырдық. Зауыт байланыс, қорғаныс салалары және мұнай-газ кешені мен темір жолға арналған өнімдер шығарады. Біз өнім сапасына ерекше назар аударамыз. Кәсі­порын электронды құрылғылар шығарудың толық циклы құ­рылған отандық машинажасау­дың көшбасшысы саналады. Өт­кен жылы наурызда жұмыс сапа­рымен зауытта болған Үкімет басшысы Олжас Бектенов атқа­рылған ілкімді істерге жоғары баға берді. Соңғы бір жыл ішінде өндіріс көлемі едәуір өсім көр­сетті. Жыл басындағы көр­сеткіштеріміз де жаман емес. Барлық бөлімдердің жауапты жұмысының арқасында серіктес болғысы келетін компаниялар қатары артып келеді. Біз сапалы өнім шығарып, тапсырысты уа­қытында жеткізу міндеттеме­лерін мүлтіксіз атқарып келеміз.

– Әлеуметтік капиталды арт­тыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде? Қызметкелердің игі- лігі үшін нендей жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Біз өз қызметкерлеріміздің денсаулығына үнемі қамқор­лықпен қараймыз. Кәсіподақ және әкімшіліктің шешімімен 21 адам шипажайға жолдама алды. Мұндай жолдамалар, ең алдымен, ұзақ еңбек өтілі бар, қиын жағдайларда жұмыс іс­тейтіндерге беріледі. Кәсіподақ­тың қолдауымен қызметкерлер фитнес-орталықтарға тегін бара алады. Мерекелік сыйақылар мен сыйлықтар да бар. Қиын жағдайда қалған, сырқаттанған жандар да кәсіподақтың қам­қорлығынсыз қалмайды.

Былтыр зауыт ерікті сақтан­дыру туралы шарт жасасты. Оған сай кәсіпорын қызметкерлері мен отбасы мүшелері сырқат­танған жағдайда ақылы клини­каларда тегін ем қабылдап, кә- сіпорын есебінен дәрі-дәрмек, стамотология, массаж қызмет­терін ала алады. 2023 жылдан бері 3 және одан көп балалары бар және жалғызбасты аналар мен әкелер тегін тамақтанып ке­леді. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға материалдық көмек беріледі.

Біздің бір жетістігіміз – өндірістегі жарақаттың жоқтығы. Еңбек жағдайын дұрыс ұйымдас­тырып, қауіпсіздікке мән беру оқыс жағдайлардың алдын алады. Ұзақ жылдан бері бұл жұмыстар­мен техникалық басшы Викто­рия Буракова айналысып келеді. Былтыр Астанада өткен салалық еңбек қауіпсіздігі байқауында кәсіпорын бірінші орын иеленді. Қызметкерлердің саламатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылыс­тарына үнемі қолдау көрсетіледі. Кәсіпорынның өз спорт залы, футбол, волейбол алаңдары бар. Қызметкерлеріміз бос уақытта­рында түрлі спорттық ойындар ойнайды. 2023 жылы ұжымымыз елордада өткен республикалық спартакиадада екінші орын ие­ленді.

– Облыс орталығында жұ­мысшы мамандықтар бойынша кадр даярлайтын оқу орындары аз емес. Ондағы жастар үшін өндірісте тәжірибе жинауға мүмкіндік бар ма?

– Биыл біз Астанадағы Л.Гу­милев атындағы Еуразиялық ұлт­тық университеті және жергілікті М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ме­морандумға қол қойдық. Еура­зиялық университетінде өткен байқауда зауыт «Үздік тәжірибе базасы» номинациясы бойынша екінші орынға ие болды. Өзге оқу орындарымен де байланыс жан­дана түсті. 2024 жылы кәсіпорын­да 72 жас өндірістік тәжірибеден өтті. Бір топ студент ақылы тәжі­рибеден өту мүмкіндігіне ие бол­ды. Жергілікті университет жас­тары қолына диплом алып осын­да еңбек жолын бастайды деп үміттенеміз. Ұйымшыл ұжым оларды қуана-қуана қарсы алады.

– Зауытта жастарға жол көр­сететін тәжірибелі мамандар бар ма?

– Кәсіпорында 45 жыл жұ­мыс істеп келе жатқан қызмет­керлер бар. Мысалы Александр Мальцев осында 1982 жылдан бері еңбек етеді. Самковский­лер отбасының балалары ата- анасының жолын жалғап зауыт­та тер төгуде. Олардың жалпы еңбек өтілі 118 жылдан асады екен. «Еңбек жолы-2023» өңірлік байқауында бұл отбасы бірінші орынға ие болды.

Жаңа жылдың алдында зауытта 45 жыл еңбек еткен Мидхат Сүтішевтің құрметіне арналған ескерткіш тақтаның ашылуы өтті. Соның 26 жылын­да ол директорлық қызмет атқа­рып, өндірістің өрге басуына үлес қосты. 1942 жылы еңбек жолын 16 жасында темір жону­шы болып бастаған ол қызметтің барлық сатысынан өтіп, 1961 жылы директор болып тағайын­далды. Мидхат Усманұлы бас­қарған жылдары зауытқа кәсіби мамандар көптеп келіп, өнім са­пасы артты. Өндіріс басшысы­ның есімі облыс орталығының тұрғындарына де кеңінен таныс.

Біз еңбек ардагерлерін де ес­тен шығармаймыз. Зауытта қа­ладағы ең белсенді ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Бүгінде оның 580 мүшесі бар. Жыл са­йын оларды сый-сияпатқа бө­леп, қаржылай қолдау көрсету дәстүрге айналған.

– Өндірісті одан әрі дамыту­дың қандай мүмкіндіктері бар?

– Мұндағы шығатын өнім- нің өзіндік ерекшелігі бар. Кезінде зауытта құрастырыла­тын құрылғылар бүкіл әлем бо­йынша тарайтын. Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіпорынның бұрынғы қуатын қалпына келті­ру. Біз үнемі заман ағымынан қалыспауға тырысамыз. Былтыр ұшқышсыз ұшу аппараттары­ның өндірісі басталды. Бұл ап­параттар ауыл шаруашылығы мен әскери салаға арналған.

Беларусьтік компаниямен жасалған келісім табысқа баста­ры анық. Оның аясында ірі ком­панияға жабдықтар жеткізетін боламыз. Серіктестік биыл да жалғасады. Бұдан бөлек, Қорға­ныс министрлігімен ауқымды келісімдерге қол қойылды. Аза­маттық салаға арналған өнім­дердің жаңа түрін шығару жос­парда бар. Былтыр электромо­бильдердің кез келген түріне ар­налған қуаттағыш құрылғылар­дың өндірісін игердік. Алғашқы тапсырыс берушінің тауарын жөнелтіп те үлгердік. Оған қоса соққыға берік таксофон аппарат­тарын шығаруды бастадық. Бұл аппараттар түрме, аурухана, жа­тақхана, аэропорт, мектеп пен өндіріс орындарында кеңінен қолданысқа ие.

Қазіргі таңда кәсіпорынға инженерлік, техникалық және өндірістік мамандықтарды мең­герген кадрлар керек. Жуық ара­да жаңа станоктарды іске қосып, жұмысты оңтайландыруды көз­деп отырмыз. Зауыттың осы уа­қытқа дейін жеткен жетістік­терінің бәрі осындағы қызмет­керлердің арқасы. Биылғы жыл былтырға қарағанда өнімді, та­бысты болатынына сенеміз.

Сұхбаттасқан

Ринат ШАМШУТДИНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp