«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Заманның” заманауи әндері-ай!

Барша қазақстандықтарға танымал әнші, композитор Лұқпан Жолдасовтың жетекшілігімен құрылған “Заман” тобы Н.Погодин атындағы орыс драма театрында өнерсүйер қауымды өзінің шығармашылығымен таныстырды.

Концерт уақытынан кешігіп басталғанымен, әншілер әсем сазды әуендерімен көрермен көңілін бірден жаулап алды. Сахна шымылдығы Талант Арынғалидың сөзіне жазылған Лұқпан Жолдасовтың “Мені ойла” әнімен түріліп, одан әрі “Махаббат гүлі солмайды”, “Бағала” әндерімен жалғасын тапты.

Қазақ эстрадасында әсем әндері, сұлу сазды шығармаларымен тыңдаған жанның жүрегіне жол таба білген композитор Лұқпан Жолдасов өзінің шығармаларын орындауды “Заман” тобына сеніп тапсырғанда қателеспеген екен. “Заманға сай әндер айтса” деген тілекпен “Заман” атауын алған топтың репертуарында қай жастағы көрерменнің болсын жүрек қылын шертіп, терең ойға жетелейтін әндер бар. Шәмші Қалдаяқовтың “Тамды аруы” мен бір кездері “ДосМұқасан” ансамблінің орындауында қазіргіше айтқанда “хит” болған “Қуанышым менің”, халық әні “Екі жиренді” залдағы кәрі-жас зор қошеметпен тыңдап, сөзін білетіндері қосылып бірге шырқады.

Айтыскер ақын Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған: “Абайлаңыздар”, “Өмір-өзен”, “Жоқ деме!”, “Көк көйлек киген құдаша” және тағы басқа да әндер ерекше сезіммен шырқалды.

“Жетім көрсең, жебей жүр!” деген дана халқымыздың сөзін бабадан қалған аманаттай көрген “Заман” тобы қайырымдылық шараларына да жиі атсалысады. Олардың орындауындағы “Сәби бақыты” әні, әсіресе, әйелдер қауымының көңілін босатып, көздеріне жас алғызды. Олар “Сәби бақытында”: “Жетімнің көзі жасты екен” деп жүрегіңді сыздатса, балалары бола тұра, “Қарттар үйіне” тоғытылған қазыналарымыз туралы “Қарттардың қайран көз жасы, кететін емес есімнен”, – деп іштегі шерді тарқатты. Сонымен қатар, аталмыш топтың репертуарында анаға, ағаға, асыл жарға арналған әдемі әндер де бар екен.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp