“Балауса” балабақшасының педагогтері балалардың назарына қазіргі заманға сай өзгертілген “Үйшік” ертегісін ұсынды.
Мен ертегінің желісін өңдеп, кейіпкерлердің дикциясын, өзін-өзі ұстау әдебін, киімі және сахнаның безендіруін қазіргі кезге сәйкестендіріп, қайта құрдым. Ондағы мақсатым балаларға ертегі мазмұны арқылы достық сезімнің қай уақытта, қандай жағдайда болсын маңызды қасиет екенін ұқтыру, ол адамдарды ұлтына, тіліне, түріне, тағы басқа ерекшеліктеріне қарамай, біріктіретін күш екенін түсіндіру болды. Және осы пікірге балалар ертегіні көру барысында өздері келулері керек.
Ертегінің желісі бойынша көбелек орманда үйшікте тұрып жатады. Сосын тышқан, тиін, мысық, ит, қасқыр, аю, түлкі кезекпен келіп онымен бірге үйшікте тұруға рұқсат сұрайды. Көбелек оларды үйшігінде тұрғызу үшін шарт қояды. Келісім бойынша аталмыш хайуандар мен аңдар үйшікте тұрғандары үшін оның іші-сыртының барлық шаруасын атқарулары керек болады. Бір күні көбелекке құрбысы – ара келеді. Үйшік тұрғындарының жағдайын көрген ара: “Шын достар бұлай істемейді”, – деп ондағы барлық хайуандар мен аңдарды өзімен ертіп кетеді. Үйшікте жалғыз қалған көбелек өзінің дұрыс істемегенін түсінеді. Сөйтіп, ол араға қоңырау шалып, қателігін мойындайды. Үйшік тұрғындарынан кешірім сұрап, қайта оралуларын өтінеді. Достары көбелектің бұл білместігін кешіріп, қайтып келеді.
Ертегі кейіпкерлерінің рөлдерін ойнаған педагогтер қойылымды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сахналады. Бұл балаларды жалықтырмай, ертегі желісін еркін түсінулеріне мүмкіндік берді.
Ертегі соңында балалармен ашық әңгіме ұйымдастырып, олардың қойылым мазмұнына көзқарастарын, пікірлерін білдік. Балалардың қабылдауы мен шығармашылық ойлауы жоғары дәрежелі педагогтерді де таңғалдырды.
Айнұр ДАНИЯРОВА,
“Балауса” балабақшасының әдіскері.
Петропавл қаласы.