Орта мектепте өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытып жүргенде ауылдық округтің ересек тыңдаушыларына да мемлекеттік тілден дәріс бере бастадым. Қазір зейнет демалысында жүрсем де, ересектерге қазақ тілін оқытуды жалғастырып келемін. Осы жылдары қазақтарға ана тіліне, ал өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілікті, құрметті бойларына сіңіруге тырыстым.
Менің мақсатым – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның қоғамымызда лайықты орын алуына өз үлесімді қосу, бұл менің азаматтық парызым. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік тілді дамыту жөнінде төмендегі ойды айтып еді: “Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек. Шынында да, қоғамымызда қазақ тілінің жақсы дамуы барлық ұлт өкілдеріне байланысты. Егер де қазақ жерінде өмір сүріп отырған барлық ұлт өкілдері қазақ тілін жақсы игеруге тырысса, құрметтесе, әрине, оның даму көкжиегі кеңейе түсер еді”.
Ересектерге сабақ беріп жүргенде әртүрлі тыңдаушылармен кездестім. Оның ішінде Прибрежный ауылдық округінің қызметкерлері де, ауыл тұрғындары да бар. Олардың әрқайсының мемлекеттік тілге деген көзқарасы әртүрлі. Біреулерінің тілді игеруге ниеті жоқ, әйтеуір қорыққаннан ба, ұялғанынан ба келіп жүреді. Менің білетінім – тыңдаушы белсенді болмаса, жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Мысалы, В1 деңгейі бойынша тілді игерушілер қазақ тілінде 2000-нан артық сөз білулері керек. Ал біздің тыңдаушыларымыздың сөздік қоры өте аз. Себебі де түсінікті. Олар үйге берілген сөздерді жаттамайды. Бір құлақтан кірген сөз, екінші құлақтан шығып, келесі сабаққа келгенше ұмыт болады емес пе? Тыңдаушыларымыз тілді үйренудегі ең маңызды жұмыс түрі сөздікпен жұмыс екенін ұмытпаса екен. Екінші бір тіл игерудегі төмен нәтиже көрсету себебі – олардың кезекті сабаққа әртүрлі себептермен қатыспауы. Сабақ болар кезде бір тыңдаушы өзінің жұмысының басынан асып жатқанын тілге тиек етсе, екіншісі есеп беруге ауданға баратынын сылтау қылады. Міне, осының бәрі тіл игерудегі білім сапасының төмен нәтиже беруіне әкеліп соқтырады. Осындай, басқа да қиыншылықтарға кездесіп жүрсем де, қайтсем тыңдаушыларымның мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырамын, қайтсем мемлекеттік тілді білу – заман талабы, өмір қажеттілігі екенін саналарына сіңіремін деп тіл игеруде оң нәтиже беретін әдіс-тәсілдерді іздестіремін. Оларды жүзеге асырып, жұмысымда оң нәтижеге қол жеткізуге тырысамын.
Сондай қолданып жүрген тиімді әдістерімнің бірі – сабақ арасында тақырыпқа сай қазақ әндерін тыңдату. Сол арқылы тіл үйренушілердің жүрегіне қазақ әніне, әуеніне, өлеңіне шынайы сүйіспеншілікті тәрбиелеу. Осылайша сабақтарымда өзге ұлт өкілдеріне Абайдың да, Мұқағалидың да, Мағжанның да өлеңдерін оқытып, қазақ поэзиясы шығармаларымен сусындаттым. Тыңдаушыларыма қазақ әнін тыңдау да өте ұнады. Өлеңдерді мәнерлеп жақсы оқитын тіл үйренушіге оқытамын. Өлеңді аудартып, мағынасына үңілтемін. Өлеңде кездесетін кейбір сөз тіркестерінің әдемілігіне көңіл аудартамын. Ал қазақ әндерін орындайтындарды да тыңдаушыларымның арасынан табамын. Сабақ өтіп жатқан уақытта тіл үйренушілерім шаршады-ау деген кезде кезекті ән алады.
Қазақ әнін тамылжыта орындайтын тыңдаушым – Үмітжан Айтбайқызы Тұрханова. Ол кісі Прибрежный ауылдық округінде қызмет істейді. Өте өнерлі жан, ұлт, тіл жанашыры. Қазақ әнін асқақтата, шебер орындайды. Тыңдаушылар айтылып жатқан әнде, қазақтың кең даласын, асқар тауын, самал желін жүрегімен сезінгендей болады, олар үзіліс арасында Үмітжан Айтбайқызына ризашылықтарын білдіріп жатады. Тыңдаушыларға тілді үйреткенде оларға тек сөйлеуді ғана емес, қазақ халқының ақындарымен де, жазушыларымен де, суретшілерімен де, салт-дәстүрімен де таныстыру қажет. Оларға қазақ деген қандай халық екенін тереңірек түсіндіруге тырысу керек. Ол үшін сабақта қазақтың тілі, мәдениеті, тарихы, әдебиеті жөнінде сергіту сәті кездерінде ақпарат беріп отыру қажет.
Менің тыңдаушыларымның арасында күйеулері қазақ екі орыс келіншегі бар. Кейде олармен ойнап, сендер қазақтың келіндерісіңдер, қазақтың салт-дәстүрін сақтап жүріңдер. Отбасында дастарқан басында қазақша сөйлеуге тырысыңдар деймін. Олар жымиысып, келіскен кейіп танытып жатады.
Солардың бірі – Оксана деген келіншек. Ол – өз еркімен қазақ тілін игеруге бет бұрған адам. Онысы да түсінікті. Жұбайы – қазақ. Оның қазақтың бүкіл болмысын түсініп, нағыз қазақ келіні болғысы келетіні көрініп тұр. Қазір оның үш қызы бар. Екі үлкен қызы Озерный орта мектебінде қазақ тілінде білім алуда. Екеуі де өте жақсы оқиды. Қазақша оқитын Найля мен Бэла үйде бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі екен. Қазақ тілін үйренуге ынтасы мен ниеті зор Оксанаға енді оны үйрену қиынға түспесі анық.
Кім біледі, мүмкін, Оксана жаңа туған кішкентай Джулиясын да қазақ мектебіне оқуға беретін шығар. Өйткені, үлкендері Найля мен Бэла тәрбиелі, қазақы болып өсіп келеді.
Мен мақаламда Прибрежный ауылдық округінде жұмыс істей жүре, атқарып отырған жұмыстарымның кейбіріне ғана тоқталдым.
Сырт көзге оп-оңай жұмыс сияқты көрінетін қазақ тілі мұғалімі жұмысының қиындығы көп. Басты қиындық – тыңдаушылардың тіл үйренуге деген ынта-ықылас ниеттерінің кемдігі. Мен өз тарапымнан олармен үгіт-насихат жұмыстарын үнемі жүргізудемін.
Аталған округ ұжымында 2 орыс ұлты өкілінен басқаның бәрі – қазақ. Яғни, қазақы орта бар. Екі өзге ұлт өкілін қазақша сөйлете алмай отырғаны, бұл ұжымдағы қазақтардың өздерінің әлсіздігі дер едім. Сөз соңында айтарым, кез келген ұжымда басшы қазақ тілінің жанашыры болуы керек. Егер басшы жүйелі түрде талап қоя білсе, қарамағындағылар тілді сөзсіз тез үйренер еді. Биылғы жылы аталған ауылдық округке жігерлі жас басшы келді. Оның мемлекеттік тілдің мерейін асыруға үлес қосарына сенімдіміз.
Зейнеп ТӘНІБАЕВА,
Прибрежный ауылдық округінің
қазақ тілі мұғалімі.
Қызылжар ауданы.