«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ – ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК

Петропавлда көктемгі су тасқыны кезінде үйлері мен қора-қопсылары, саяжайлары су астында қалғандарға жалпы сомасы 40 млн. теңге қаржылай көмек көрсетіледі.

“Қазақстанның Қызыл Ай” қоғамы мен “Болат Өтемұратов” қоры бірге су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді қолға алды. Қайырымдылық шарасы екі кезеңде жүзеге асырылады. Петропавлда 136 отбасы 23 миллион теңгеден астам қаржы алған болса, енді 108 отбасыға 16 млн. 350 мың теңге беріліп жатыр. Бұл қаражатты зардап шеккендер судан бүлінген үйлерін жөндеуге, мүлкін қалпына келтіруге жұмсайды.

“Бұған дейін біз тұрғындардан арыздар қабылдап, жағдайларын бағаладық. Тізімді жасауға саяжай қоғамдастықтары, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары көмектесті”, – дейді “Қазақстанның Қызыл Ай қоғамы” облыстық филиалының директоры Сәуле Оразова. Мұндай көмекті баспаналары зақымданған адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызілікті аналар мен тұрмысы нашар көпбалалы отбасылар алады. Сәуле Оразованың айтуынша, Петропавлда бұл жолы жәрдемақы алғандардың ішінде 9 баласы бар отбасы да болды. Әр отбасы мүшесіне 50 мың теңгеден берілді.

“Көмек картасы” жобасы Петропавлда екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысында былтыр көктемде 284 адамға 8 млн. 520 мың теңге берілген болатын. Биыл қор тасқын судан зардап шеккен 791 адамды қамтымақ.

 

https://www.inform.kz/ 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp