Облыс әкімі Ерік Сұлтанов еріген қар суынан зардап шеккен Тайынша ауданының Донецкое ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Қариялардың айтуынша, бұл жерде қар суының осыншалықты жайылуы 30 жылдан астам уақыт болмаған. Тосын жағдайға құтқару қызметінің мамандары дайын болып шықты. Ауыл тұрғындары үй жануарларының шетінегеніне, үй-жайларының бүлінгеніне алаңдаушылық білдіруде.
– Алдағы аптадан бастап шығын болған малға өтемақы төленеді. Ал тұрғын үйлердің жағдайын арнайы комиссия тексеріп жатыр, дүйсенбіге дейін бұл жұмыстар аяқталуы тиіс. Баспаналарыңызды жөндеуге жәрдемақы берілетін болады, ол үшін қажетті қаржы бар, – деді Ерік Сұлтанов тұрғындармен кездесуі барысында.
Сондай-ақ, өңір басшысы су жиналатын орынды қарап, су жолының арасын кеңейте түсуді тапсырды. Облыс әкімі көпір құрылысына қаржы бөлуге де уәде берді.
Донецкое ауылында 55 үй еріген қар суының құрсауында қалған. Жергілікті билік 167 тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп, ауылдағы білім беру мекемесінің және Подольск орта мектебінің ғимараттарына орналастырды. Оларға үш мезгіл ыстық тамақ берілуде. Ал 41 бала ағайын-туыстарының үйін паналауда. Сондай-ақ, 670-тей үй жануары да қауіпсіз жерге шығарылған.
Донецкое ауылындағы төтенше жағдайды жоюға 28 техника және азаматтық қорғаныс қызметінің, ішкі істер органдарының, атқарушы биліктің 180 маманы тартылған. Жапа шеккен тұрғындарға ауылдастары да көмек көрсетуде. 1 сәуірдегі жағдай бойынша су деңгейі төмендеп, 25 ауланың суы қайтқан. Қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.