«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАРЕЧНЫЙЛЫҚТАР ҚЫЗМЕТІҢІЗГЕ РИЗА

Арнасынан асып-тасыған Есіл суы біртіндеп тартылып келеді. Петропавл су торабы тасқын суды тежеп отырған жоқ, су қоймасы реттеу жүргізбейді. Сергеев су қоймасындағы су бөгеннен – 78, ал Шарықта 5 сантиметр биіктікте ағып жатыр. Үстіміздегі жылғы 10 мамырда сағат 14.00-де Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылы маңындағы аудандық маңызы бар “Петропавл-Прибрежное” тас жолын басып ағып жатқан су Есіл өзені деңгейінің төмендеуінен толығымен тартылды. Жол қозғалысы толық көлемде жанданды.

Биылғы жылғы су тасқынының шырқау шыңы 3 мамырда тіркелді. Осы күні су 42 жеке аулаға кірді, соның ішінде 6 тұрғын үй де бар. Бүгінгі күні Былғары зауыты шағынауданы аумағында 3 аулада су тұр, су кірген тұрғын үйлер жоқ.

Петропавлдағы Заречный кентінде автожолдың су басып тұрған учаскесінен адамдар, бірінші қажеттіліктегі азық-түліктер күн сайын тасымалданып жатыр. Тасымалдау СҚО ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ-нің “УРАЛ” автомобилімен жүзеге асырылуда.

СҚО ТЖД және Петропавл ҚІІБ қызметкерлері бірлесіп, Мичурин ауылындағы “Первенец”, “Речпорт”, Заречный кентіндегі “Тихая заводь”, “Весна”, “Труд”, “Ренет”, “Искра”, Петропавл су торабы маңындағы “Каскад”, балық шаруашылығы жанындағы “Изумруд”, теміржол маңындағы “Полет” саяжайлары аудандарында Есіл өзені суы деңгейіне мониторинг жүргізуде. Саяжай учаскелерінде 10 бекет қойылып, 7 адам жұмылдырылды, ТЖ департаментінен 3 техника бірлігі мен 10 адам, Петропавл ІІБ-ден 4 техника бірлігі тартылды.  

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайы туралы ақпарат күн сайын РФ-нің ТЖМ-іне, Түмен облысының ДЖБО ММ жедел кезекшілерінің назарына жеткізіліп отырады.

Қазіргі уақытта облыс бойынша тасқын салдарын жоюға ТЖД, ІІД, жергілікті атқарушы органдардан 50 адам, 19 техника, 1 жүзу құралы тартылып отыр.

Биылғы судың жайылуы Заречный, Былғары зауыты кенттері, Перминовтер көшесі тұрғындарына көп қиыншылық туғызды, өйткені өзен суы тек көшелер, жеміс-жидек орындары, саяжайлар мен аулаларды қоршауға алып қана қоймай, тұрғын үйлерге де кірді. Табиғат құбылысына жұмыла қарсы тұрып, тасқын салдарларын жоюға жергілікті атқарушы органдар, облыстық Төтенше жағдайлар және Ішкі істер департаменттерінің жеке құрамдары, ҚР ТЖМ-ден қосымша күштер мен құралдар көмекке келді.

Тәулік бойы кезекшілік пен қалыптасқан ахуалға мониторинг жүргізу, адамдар мен азық-түлікті тасымалдау, су басқан көшелердегі үйлердің табалдырығына дейін жасанды көпірлер қою, көшіру пункттерін дайындау, қиын жағдайға ұшыраған тұрғындарға қолдан келген көмекті беру сияқты бірлесіп тындырылған барша істің арқасында біздің өңіріміз үшін күрделі кезеңде құрбандықтар мен зардап шегушілікке жол берілмеді. Ал құтқарушылардың еңбегі де ескерусіз қалып жатқан жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі және департамент мекенжайына Заречный кенті тұрғындары атынан ведомство қызметкерлерінің еңбегі туралы жылы лебіздер бар алғыс хаттар келіп түсуде. Владимир Киселёв, Надежда Леготина, Галина Зайцева сынды Заречный кентінің кәсіпкерлері департамент құтқарушыларына жедел және жан-жақты көмектері, тасқын салдарларының алдын алу мен жоюда қолдау көрсеткендері үшін алғыстарын білдіреді. Олар: “СҚО ТЖД жеке құрамы күрделі жағдайда бізге азық-түлік, дәрі-дәрмек, бірінші қажеттілік құралдарын тасымалдауда тәулік бойы көмек көрсетті. Соның арқасында біз ешбір жетіспеушілікті сезінген жоқпыз, бірде-бір адам ескерусіз қалмады!”– дейді.

Ерлі-зайыпты Валентина және Геннадий Гнусиндер де погон таққан жандардың қамқорлығын сезініпті. Геннадий Алексеевич болса I топтағы мүгедек екен. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері олардың қиыншылығына ерекше назар аударып, жедел түрде егде тартқан отбасы үшін құрғақ жерге дейін тақтайдан жол салып берген. Олар су басқан аумаққа күн сайын бақылау жүргізіп, зейнеткерлердің қажеттіліктерін сұрап, үйлеріне бірнеше мәрте телефон соққан.

Алғыс айтып жатқан адамдар көп, олар өздеріне қиын сәтте көмек қолын созған, енжарлық жасамай, назар аударып, қамқор болғандарға үлкен рахметін жаудыруда және құтқарушыларға зор денсаулық, күрделі істеріне сәттілік тілеуде.

СҚО ТЖД-нің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp