«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАРЕЧНЫЙ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨШІРІЛЕДІ

Петропавлдағы жыл сайын көктемде су астында қалатын Заречный кентінің тұрғындары басқа жерге көшірілетін болды. Жергілікті билік Есіл өзенінің жағасында орналасқан елді мекенде тұру қауіпті және тасқынның салдарымен күресу тиімсіз деген шешімге келді.

Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулованың айтуынша, былтырғы су тасқыны кезінде Заречный кентінде 440 үй болған. Су кеткеннен кейін 189-ы тұруға жарамсыз деп танылып, бұзылды. Қазіргі таңда мұнда 251 үй және 521 адам қалған. Оның 160-ы пәтер, қалғаны – жеке тұрғын үйлер.

– Қазір Петропавлда осы кенттің тұрғындарына арналып екі көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Ол пайдалануға берілісімен-ақ тұрғындар көшіріледі. Араларында пәтерден көшуге бас тартқандар болса, оларға ақшалай өтемақы беріледі. Ал мүлдем көшуден бас тартқан жағдайда сол жерде тұра береді, – дейді Әсем Айтулова.

Тұрғындар қазіргі баспанасының ауданына байланысты пәтерге ие болады. Алайда бұл шешімнің сол ауданда тұратын саяжайларға қатысы жоқ. Егер саяжай учаскесіндегі үй оның жалғыз баспанасы болса, басқалары сияқты пәтер кезегіне тұра алады. Сондай-ақ жер телімін алуға өтініш қалдыруға құқылы.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp