«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЗАРЯДА” ДА БАЛАЛАР УЛАНДЫ

Өңіріміздегі Айыртау ауданының “Заря” балалар-сауықтыру лагерінде де демалып жатқан балалар уланып, ауруханаға түсті. 9-15 жас аралығындағы балалар 12 шілде күні таңғы сағат 6.30-да жоғары температурамен ауруханаға жеткізілген. Алдын ала қойылған диагноз – уытты инфекция. Сауықтыру лагерінде 53 бала, 15 қызметкер болған. Бүгінгі таңда уланған балалардың тоғызы ем қабылдауда.

Өңірімізде мұндай оқыс оқиға бір аптаның ішінде екінші рет орын алып отыр. 10 шілде күні Қызылжар ауданының “Серебряный бор” сауықтыру лагерінде демалып жатқан балалар да ауру белгілерімен аурухана жеткізілген болатын. Бүгінде олардың 68-і ем алуда. Қос төтенше оқиғаға байланысты облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Марат Жексембин:

– “Серебряный бор” сауықтыру лагерінде алдын ала болжам бойынша ішек инфекциясы азық-түлік блогының медициналық ұйымдардан алған тиісті құжаты бар қызметкерінен жұққан. Оған қандай негізде санитарлық кітапша берілгендігі анықталуда. Ал “Заря” лагерінде улану құстың етінен болуы мүмкін деген болжам бар. Аталмыш өнімнің ешқандай құжаты да, сертификаты да жоқ. Қазіргі таңда барлығы анықталуда, – деді.

Аталмыш келеңсіз жайттардан кейін өңіріміздегі барлық балалар лагерьлеріне тексеріс жүргізілетін көрінеді.

Ал облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған фактілерге байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 304-бабы, яғни “Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу” бойынша қылмыстық істер қозғалған. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp