
Құрман Көшімбаевтің Петропавлдағы “Киров атындағы зауыт” АҚ-ның механикалық цехында құрал-сайман жасаушы слесарь болып еңбек еткеніне 31 жыл болыпты. Содан бері қатарынан қалып қоймау үшін білек сыбана еңбек еткен маман заман ағымына орай өндіріс орнындағы бірнеше станокты меңгерді, яғни темірден түйін түйетін дәрежеге жетті. Бүгінгі күні әріптестері оны бесаспап слесарь ретінде құрметтейді, кәсіпорынның білікті шебері деп бағалайды.
– Кеңес Одағы кезінде еліміздегі танымал кәсіпорындарының бірі атанған өндіріс орнымен отыз жылдан астам уақыттан бері біте қайнасып келемін. Біздің кәсіпорын да талай қиыншылықтарды бастан өткерді. Әйтеуір, мемлекеттік қолдаудың арқасында зауытымыз негізгі бағытын сақтап қалды. Қазіргі кезде мұнай мен газ саласына қажет қондырғылар, Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша көпарналы радиорелелі станция сияқты 6 түрлі ұтқыр байланыс жүйесі кешендері, “Отау-ТВ” сандық теледидарына арналған “STV” құрылғысы, темір жол қауіпсіздігіне арналған аспаптар жасалады. Олардың жекелеген бөлшектерін жасауға үлес қосып жүргенімді әрдайым мақтан етемін. Өйткені, мұндай елімізде теңдесі жоқ бірегей өнімдер біздің өндіріс орнымызда ғана шығарылады, – дейді Құрман Көшімбаев.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.