Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Петропавл қаласындағы іргелі кәсіпорындарды аралады. Шара барысында өндіріс ошақтарының тыныс-тіршілігімен танысып, қол жеткізген табыстарына куә болып қайттық.
Алдымен мұнай мен газ құрал-жабдықтарының қосалқы бөлшектерін шығаратын “Мұнаймаш” акционерлік қоғамына ат басын тіредік. 1998 жылы құрылған зауыттың өндіріс алаңы 9500 шаршы метрді құрайды. Инновацияға басымдық беретін кәсіпорын жылда техникалық жаңғыртулар жүргізеді. Атап айтқанда, 2012 жылы бұл мақсатқа 200 млн. теңге инвестиция құйып, өнімділігі жоғары 12 станок сатып алынған. Фрезер станогы мұнай-газ кешені және машина жасау саласына қажет жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Биыл да бірнеше заманауи станок іске қосылып, өндіріс қуаты ұлғайған.
Зауыттың бас инженері Федор Дмитриевтің айтуынша, зауыт толық қуатында жұмыс істейді. Газ-мұнай саласына арналған сорғылар шығаруға маманданған “Мұнаймаш” АҚы жылына әлемдік стандартқа сай 7 мыңнан астам өнім өндіреді.
– Бүгінгі күні сыртқы нарық көздерін тиімді пайдалану жолдарын қарастырудамыз. Мұнайгаз саласында өзіндік орны бар біздің зауыт отандық және шетелдік компаниялармен бірнеше миллиард теңгенің келісімшартын жасасты. Зауыт басшылығы жыл соңына дейін құбырларға термикалық өңдеу жұмысын жүргізетін цехты іске қосуды жоспарлауда. Ал оған қажетті құрал-жабдықтар Ресей Федерациясынан жеткізілетін болады, – деді Федор Дмитриев.
Биыл 3 млрд. теңгенің өнімін шығарған зауытта 148 адам үш ауысыммен жұмыс істейді. Олардың орташа айлық еңбекақысы 153 мың теңге.
Бұдан кейін журналистер “ПетроМаш зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. 2018 жылға дейін “Қазмұнайгазмаш” АҚы ретінде белгілі болған іргелі кәсіпорын мұнай өндірісіне арналған құрал-жабдықтар, атап айтқанда, тиекті арматуралар, фланецтер, тіреу бұйымдарын жасаумен айналысады. Журналистер зауыттың өндіріс алаңында болып, мұнай және геологиялық бұрғылау-бақылау құрал-жабдықтарын шығаратын цехтарын аралады.
Бүгінгі таңда өндіріс орнында 143 адам жұмыспен қамтылған. Еңбеккерлердің орташа жалақылары 167 мың теңгені құрайды. Мұндағы 48 станоктың басым бөлігі ТМД елдерінен сатып алынған. Кәсіпорын басшылығы 20102013 жылдары “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Оңтүстік Кореядағы “DOOSAN” компаниясынан токарьлық және фрезерлік жұмыстарға арналған 12 заманауи станок әкелген. Сөйтіп, зауыттағы еңбек өнімділігі бірнеше есе артты.
– Біздің өнімдеріміз алдын ала жасалған келісімшарт бойынша Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының мұнайшыларына жіберіледі. Ресей Федерациясының Қорған облысы да жиі тапсырыс беріп тұрады. Заманауи станоктардың арқасында еңбек өнімділігі артты, – дейді конструкторлық-технологиялық бөлімнің басшысы Хамит Құрбанов.
Өңіріміздегі іргелі кәсіпорындар алдағы уақытта өз өнімдерін алыс-жақын шетелдерге де саудалап, нарық сұранысына сай қызмет атқаруды көздеп отыр.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.