Өткен сенбі күні Петропавлдағы “BARTEC Қазақстан” зауытында өрт шықты.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің хабарлауынша, сәуірдің 2-сі күні 14 сағ. 24 минутта 101 телефон нөміріне Омбы тасжолы бойында орналасқан кәсіпорында өрт шыққаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына дереу жеткен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “Өрт сөндiру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметi” мемлекеттік мекемесінің бірінші бөлімшесі бірден жұмысқа кіріскен.
Қызыл жалынды ауыздықтауға “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” мекемесінің жеке құрамымен қатар “Оңтүстік-Орал темір жолы” АҚ-ның әскерилендірілген өрт сөндіру командасы, “Өрт сөндіруші” АҚ, “Қызылжар су” ЖШС-нің техникасы мен қызметкерлері жұмылдырылды. Алайда, кәсіпорын ғимаратының 964 шаршы метрі жанып кетті. Тілсіз жау кешкі сағат 17.00-де ғана ауыздықталды.
Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.